Лаңкестік оқиғадан кейін біз бірден тынышталып қаламыз. Ол дұрыс емес – Е.Карин
Лаңкестік оқиғадан кейін біз бірден тынышталып қаламыз. Ол дұрыс емес – Е.Карин
8 жыл бұрын 2867 Baq.kz Арман АСҚАРОВ, Фото: Жандос Кокумбаев

 

 

 

Осыдан тура бір апта бұрын Астанада баспасөз мәслихатын өткізген саясаттанушы Ерлан Карин елімізде болған лаңкестік әрекеттерге қатысты маңызды бір мәселені атап өтті. Бүгінде біз лаңкестік әрекеттерді бір реттік оқиға ретінде бағалаймыз. Сол себепті, қоғам оны тез ұмытып, аз уақыттан соң, тынышталып қалады. Шынымен де, жеті күннен кейін бәрі артта қалған сияқты. Алайда ондай ойға берілуге болмайды. Себебі, Ақтөбе мен Алматыда болған лаңкестік әрекеттер қайталануы әбден мүмкін.

«Алматыда болған соңғы қайғылы оқиғалар біз үшін үлкен сабақ болды, мемлекет үшін де, қоғам үшін де. Осы іспетті қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп күресу керектігін көрсетті. Ашығын айту керек, жалпы Орталық Азия аймағында сырттан келетін қауіпті бақылмаймыз деп, біз өз ішіміздегі «ұйықтап жатқан» радикалды топтардың қауіп-қатерін дұрыс бағалай алмадық деп ойлаймын. Міне, осы олқылықтың салдары мемлекетке де, қоғамға да бүгінде кері әсерін тигізіп отыр. 2011-2012 жылдары болған оқиғалардан кейін бәрі бірден тынышталып қалды. Сол кездегі лаңкестік әрекеттер радикализмнің бір реттік оқиғасы ретінде бағаланды. Өкінішке қарай, экстремизм мен терроризм – бұл ұзақмерзімді «тренд». Сондықтан, мемлекетке де, қоғамға да онымен ұзақмерзімді күресу шараларына дайын болу қажет», - дейді Е.Карин.

Ерлан Тынымбайұылының ойынша, Ақтөбе мен Алматы қалаларында болған лаңкестік әрекеттердің қайталану қаупі бар. Сондықтан осы іспетті қылмыстық істердің алдын алу шараларын күшейткен жөн. Оған мемлекет қана емес, қоғам да белсене атсалысуы қажет.

«Қазақстандағы терроризмнің нақты бір ұлттық, я болмаса, идеологиялық негізі жоқ. Әзірше біз бір-бірімен байланысы жоқ радикалды топтарға тап болып отырмыз. Ұйымдасқан қылмыстық топтармен салыстырғанда, ондай шағын топтар мен жалғыз жүрген қылмыскерлердің қаупі төмен деп айтуға болмайды. Керісінше, бір адамның немесе шағын топтың әрекетін алдын алу әлдеқайда қиын. Себебі, олар өз әрекетін дайындау барысында оны жоспарламайды, қару-жарақты дайындамайды және тағысын тағы. Сондықтан, оперативтік арналар арқылы ақпаратты алдын ала біліп, ондай топтың жолын кесу қиынға түседі. Оған Францияның Ницца қаласындағы терракті, АҚШ-тың Орландо қаласында болған лаңкестік әрекеттер дәлел бола алады. Менің көзқарасым, менің пікірім, терроризммен күресудің, алдын алудың негізгі бір алғышарты, ол – жалпы қылмыспен күресу. Менің зерттеулерімнің нәтижесінде соған көзім жетті», - деп атап көрсетті саясаттанушы.

0 пікір
Мұрағат