2021 жылдан бастап қазақстандықтардың жаппай саусақ таңбалары алынады. Неге?
2021 жылдан бастап қазақстандықтардың жаппай саусақ таңбалары алынады. Неге?
8 жыл бұрын 4447 7kun.kz Фото:kapital.kz

ҚР Ішкі істер министрлігі «Дактилоскопиялық және геномдық тіркеу туралы» заң жобасын құрастырды. Құжат барлық қажетті сараптамалардан өтті, жақын арада құжатты премьер-министрге, ары қарай парламенттің қарауына ұсынбақ.  Дактилоскопия деген не және ол не үшін қажет? 

Ішкі істер министрлігінен хабарлағандай, міндетті дактилоскопия 2021 жылы енгізіледі және 4 жылға дейін созылады. Бұл шара үшін 24 млрд теңге бөлінеді.

Дактилоскопия деген не?

Дактилоскопия — адамды саусақ белгісіне қарап тану әдісі, яғни, алақан мен саусақтағы терінің ерекшелігіне байланысты сізді жеке басыңыз туралы ақпаратқа қол жеткізуге болады. Криминалистикада кеңінен қолданылады.

«Дактилоскопия» сөзі алғаш рет 1877 жылы пайда болған. Үндістанда жұмыс істеген ағылышын қызметкері Вильям Гершель адам қолындағы паппиллярлы (көктамыр) өрнектері құрылымы бойынша өзара ерекшеленетіндігін және өмір бойы өзгермейтіндігін анықтаған. Ол қабатты өзгертуге тырысу мүмкін емес, теріңіздің өрнектерін өшіруге болмайды. Сол уақыттан бері саусақ белгісіне қарап сәйкестендіру — ең көп таралған биометриалық технологияға айналды.

Біздегі жаңа өзгеріс бойынша қазақстандықтар жаппай осы процедурадан өтуі қажет. Заң жобасын құрастырушылардың сөзінше, 2021 жылдан бастап ол белгілер паспорт пен жеке төлқұжатқа енгізіледі.

Жобаның мақсаты қандай?

ІІМ түсіндіруінше, осы әдіс арқылы алаяқтармен, зорлықшылармен күресіп, мәйіттердің жеке мәліметін анықтауға мүмкіндік береді. Есте сақтау қабілетінен айырылғандарға көмектесіп, қылмысты тезірек ашуға болады. Тіпті, ақпараттық жүйе арқылы пайдаланылатын мемлекеттік қызметтің мүмкіндіктері де кеңейе түседі екен.

Ал жеке адамның ақпараттары қайда сақталады? Барлық ақпарат шифрланған электронды түрде ІІМ-нің қорғалған ақпараттар базасында сақталады. Ол бөгде адамдардың қолы жетпейтіндігіне және заңсыз пайдаланбайтындығына кепілдік береді. Дегенмен… Дегенмен хакерлердің Америкадағы Ақ үйдің базасын бұзуға да шамалары жететіндігін ескерсек, Қазақстандағы ІІМ-нің кепілдігі күмән туғызады.

Қазақстанда дактилоскопия қалай жүргізіледі?

Заң 2021 жылдан бастап күшіне енуі керек. Оған дейін дайындық жүргізіледі. Ішкі істер органдары мен басқа да мемлекеттік құрылымдар байланыс каналдарын орнатып, мамандарды дайындау қажет. Яғни, кезең-кезеңімен енгізіледі. Саусақ белгілері жоқ ескі құжаттарды мерзімі өткенге дейін пайдалануға болады.

Дактилоскопиядан 16 жасқа толып, төлқұжатын алған барлық қазақстандықтар өтуі қажет. Ал 12-16 жас аралығында жасөспірімдер өз қалауына байланысты өте алады. Қазақстанда тұрақты түрде өмір сүретін шетел азаматтары Қазақстанда тұру үшін немесе азаматтығын рәсімдеу кезінде осы процедурадан өтуі керек. Ауыр қылмыстары үшін сотталғандар және жоғалған жақынын тапқысы келетін адамдар үшін де міндетті.

Демек, бұл керек нәрсе ғой?

Нақты кесіп айту мүмкін емес. Бұл бастамаға күмәнмен қарағандар да бар. Адам құқығы бойынша халықаралық бюроның Қазақстандағы директоры Евгений Жовтис заң жобасы сеніміділік ұялтпайды дейді «Радиточка» порталына берген сұхбатында.

«Жаппай (!) дактилоскопиядан өткізу көпшілік елде қолданылмайды, бірақ, енгізуге тырысып жатқан мемлекеттер де бар. Менің саусақ таңбам басқа да жеке сипаттамалар тәрізді тек маған тиесілі. Тек маған! Оларды қалай пайдалану керек және кімге сеніп тапсыру қажеттігін өзім ғана шешуім қажет. Өзге біреуге беру үшін де өте өзекті себеп болуы тиіс. Ал бұл жерде қандай жағдай туындайды? Сен, негізі, ештеңе істеген жоқсың, бірақ, жеке мәліметің ретінде бізде сақтала берсін дей ме бізге? Құқық қорғау органдарына күнделікті сенім болмағандықтан, осындай заң жобалары көбінде негатив жағынан көрінеді», — дейді ол.

Ақсәуле Әбітай

0 пікір
Мұрағат