Соққы берілді. Сонымен...
Соққы берілді. Сонымен...
6 жыл бұрын 5408 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

«Бұл шабуыл АҚШ бастаған батыс елдерінің соғысқа дайын емесін көрсетіп берді». «АҚШ Сирия мәселесі бойынша Ресейге жаңа санкция салады».  «АҚШ билігі Башар Асадқа ультиматум қойды». «АҚШ билігі Сирияға берілген соққының заңдылығына күмән келтіруде», «Сирияда енді орнап келе жатқан бейбіітшілікке соққы берді», т.б. Әлемдік ақпарат құралдары ұлардай шулап, Сирияға жасалған шабуылдың түпкі мақсатын, барысын, т.б. жан-жақты талдап, жаңқасын шығаруда. Бейнелеп айтқанда. Барынша обьективті болуға тырысқанымен ресейлік бұқаралық ақпарат құралдары көбіне біржақты баға беріп, өздерін сүттен ақ, судан таза етіп көрсетуге күш салып жатыр. Яғни, байыпты пікір білдуден гөрі байбаламға салуда. Қысқасы, бұл тарапта да, яғни, ақпарат айдынында қарулы қақтығысқа бергісіз қып-қызыл майдан  жүріп жатыр. Әлеуметтік желілерде бұл шабуылдан нақты қанша бейбіт тұрғынның опат болғаны турасында ақпарат болмаса да Сирия билігінің қойылымы әшкереленіп жатыр: адамдарды өлген қылып, қаз-қатар жатқызып қойып, таспаға тартып, бұқаралық ақпарат құралдарын шулатып жатыр. Бұл тақырып та тарих қойнауына кетіп, уақыт төреші кейін ақ-қарасын ажыратып береді. Десе де бұл мәселеде айта кетпеске болмайтын жайттар баршылық. Солардың бір парасы мынау:

Сирияда әлем тағы екі лагерге бөлінді. Бөлінгенде де кезіндегі капиталистік және социалистік лагер болып бөлінген тұстағыдай араларында өткен бермес от дария орнады. Америкалықтар тек сириялықтарға соққы беріп қоймады, сонымен бірге, жонын күдірейткен ресейлік қоғамды да есеңгіретіп тастады. Бұл соғыстағы америкалықтардың ең басты жеңісі осы дер едік. Былайша айтқанда, ресейліктер психологиялық соққы алды. Ал оның жазуылуына көп уақыт кетеді. Ұмытылғанша ресейліктердің жанына бататын жараға айналады. Қалай дейсіз ғой? Ресей барынша қарсы тарапты ұстамды болуға шақырумен шектеліп, қарымта жауап қайтара алмады. Олай етуге батылы бармады.  Басынан тарқатып айтсақ: АҚШ бастаған одақтастардың Сирияға берген соққысының үш маңызды тұсы бар. Айтап айтқанда, алғашқы екеуі тікелей Сири я мен халықаралық жағдайды қамтиды да үшіншісі Ресейге қатысты. Дәлірегі, Ресейдің болып жатқан оқиғаға реакциясы.  Сирия соғысының барысында бұл соққының еш мәні жоқ. Бұл шабуыл бейбіт келісімге келу процесіне де, Башар Асад режимінің құлауына еш әсері жоқ. Дөйдалаға атылған оқтың кебін киді. Былайша айтқанда, ресейліктердің бұл соғысқа араласпауының бір себебі осында жатыр. Сол баяғысынша Ресей де, Иран да Башар Асад жағында қалады және әскери көмек көрсетіп, саяси қолдау білдіреді. Ал Түркияға келсек, сырттай, яғни, формалды түрде АҚШ пен оның одақтастарына қолдау көрсеткенімен Ресеймен және Иранмен арадағы өзінің соңғы уақытта қалыптастырған қарым-қатынасындағы бағытынан қайтпайды. Бастапқыда ресейліктер амекрикалықтарға бұл соққы бойынша қолдау көрсеткенде түріктерді жерден алып, жерге салып, опасыздыққа балап бұл қадамын, есекке теріс мінгізіп жібергендей болып еді. Түркия барынша дербес саясат ұстануға көшкен ел: саясат та сауда секілді. Қайсысы пайдалы, сол жағына ұмтылады. Ешкімнің көңіліне қарамайды. Десе де өз мүддесіне қайшы болмаса, қарсы тараптың позициясын да қолдай салу түк емес. Мәселе онда емес. Мәселе мынада еді:  онсыз да АҚШ бастаған батыс тың алпауыт елдері салған санкция астында әлемнен оқшауланып қалған, сауда соғысына байланысты АҚШ-пен арасы суыған Қытай, ядролық бағдарламасына байланысты санкция құрсауында отырған Иран секілді санаулы одақтасы бар Ресей Түркия секілді тағы бір одақтасынан айырылғысы жоқ. Сол себепті, Ресей Түркияның сыртқы саясаттағы Ресейдің мүддесіне көп зияны жоқ қадамдарына көз жұма қарауға мәжбүр. Бұдан бөлек, екі елдің арасындағы мөрі басылып, хатталып қойған қаншама ортақ жобаны орта жолдан үзуге Ресей мүдделі емес. Бұған қоса, Түркияның бұл жолғы қадамы түріктердің өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатына сай. Яғни, АҚШ пен оның одақтастарын қолдау арқылы өздерінің Сирия жеріндегі әскери операциясына кедергі келтіріп жүрген, яғни, күрдтерге болысып жүрген америкалықтарды райынан қайтарудан дәмелі. Егер АҚШ билігі күрдтер мәселесінде Түркия жағына шықпаса, Түркия мен АҚШ арасындағы қатынас тағы ушығатын болады. Ал АҚШ-қа Франция мен Ұлыбританияның қолдау көрсетуі де халықаралық қатынасқа залалын тигізе алмайды. «Атлантикалық ынтымақтастықты» көрсетуден ары аспаған саяси жүріс болып қалады. Өйткені, аталған еуропалық елдер геосаясатта АҚШ-қа тәуелді. Ал АҚШ-тың ең ұтылған жері: бұл шабуылдан нәтиже болмайды. Бұл нені көрсетеді? Бұл АҚШ-тың тек Сирияда ғана емес, күллі Таяу Шығыс аймағында өзінің саяси жүрістерін айқындайтын стратегиялық жоспарының болмауынан хабар береді.

0 пікір
Мұрағат