Неміс басылымы Қазақстандағы ашаршылық туралы мақала жариялады
Неміс басылымы Қазақстандағы ашаршылық туралы мақала жариялады
2 жыл бұрын 1066

Германияның Die Welt басылымы бір жарым миллион қазақтың өмірін жалмаған ашаршылық туралы мақала жариялады. Бұл жайында nur.kz сайты Алаш айнасы ақпарат көзіне сілтеме жасай отырып, хабар таратты.

Сталин кезеңіндегі ашаршылық бір жарым миллион қазақтың өмірін жалмады. 1930 және 1933 жылдары Қазақстан халқының төрттен бірі көз жұмды. Бұл туралы Die Welt неміс басылымында жуырда жарық көрген мақалада жазылады.

Неміс тарихшысы және Шығыс Еуропа бойынша сарапшы-маман Роберт Киндлер таяуда жарық көрген зерттеуінде Қазақстандағы ашаршылық туралы кеңінен жазған.

Украинадағыдай, Қазақстанда да кеңестік ұжымдастырудың мақсаты байырғы жүйені түбегейлі жойып, оны басып-жаншуда коммунистік билікті орнату болды.

"Сталиннің көшпенділері" атты диссертациясында ол "социализм және коммунизмнің күштеу идеологиясына тән, ұмыт боп бара жатқан қылмысты әшкерелеп, суреттейді" делінеді Die Welt басылымында.

"Украинадағыдай, Қазақстанда да кеңестік ұжымдастырудың мақсаты байырғы жүйені түбегейлі жойып, оны басып-жаншуда коммунистік билікті орнату болды. Сүйенген қағидасы да қарапайым. Бай-кулактармен күресуді себеп етіп, Кеңес одағының шеткері территорияларындағы ауыл халқына үлкен көлемде алым-салық салынды. Талап етілген көлемдегі бидайды әкеліп өткізбегендер қамауға алынып, ұрып-соққыға жығылды немесе бірден ату жазасына кесілді. Шаруалардың көбісі келесі жылға егуге сақтап отырған дәнді-дақылдарын да мемлекетке өткізуге мәжбүр болған" деп жазылады тарихшының диссертациясында.

Талап етілген көлемдегі бидайды әкеліп өткізбегендер қамауға алынып, ұрып-соққыға жығылды немесе бірден ату жазасына кесілді.

"Қазақстанның тұрғылықты халқы, негізінен, мал баққандықтан көшпелі салт құрып, байтақ даланың арғы жағынан бергі жағына жыл мезгіліне қарай көшіп-қонып жүрген. 1929 жылы, яғни Сталиннің қуғын-сүргін саясатына дейін статистика бойынша Қазақстан аумағында 36 миллион бас мал болған, оның 24 миллионы қой мен ешкі, 6,8 миллионы сиыр болған. Орташа есеппен әрбір отбасына 41 бас мал тиесілі еді", - делінген мақалада.

Мемлекетке бидай өткізу туралы талап барлық қазақ халқы үшін (көшпелісі болсын, отырықшысы болсын) үлкен апат алып келді.

"Малшылар бидай сатып алу үшін малын сатуға мәжбүр болды. Сондықтан базарда бидайдың бағасы шарықтап, ал малдың бағасы құнсызданып кетті. Талап етілген көлемдегі бидайды өткізбеген малшылар бірден қамауға алынды, ал малдары кәмпескеленді. Осылайша қысқа мерзім ішінде Қазақстанның барлық өңірі бойынша бағуға, қарауға келмейтін мал қарасы көбейіп шыға келді", - деп жазады Die Welt.

Неміс тарихшысы келтірген мәлімет бойынша, Қазақстандағы қолдан ұжымдастырудың төрт жылында ел аумағындағы бар ірі-қараның 90 пайызының көзі жойылды немесе сыртқа жіберілді: 1,6 млн ірі-қара мен 2,15 млн қой мен ешкі қалды.

Енді орташа есеппен әрбір отбасында 2,2 бас мал болды. Ал бұл көлем әрі қарай тіршілік ету үшін жеткіліксіз еді.

"Салдарынан бір жарым миллион адам ашаршылықтан қырылды: әрбір төртінші малшы және республиканың әрбір төртінші азаматы осылайша құрбандыққа ұшырады. Басқаша айтқанда, Сталиннің ессіздігі жергілікті халықтың басым бөлігінің өмірін жалмады. Бұл арадағы сандар 1975 және 1979 жылдарғы Камбоджадағы Пол Поттың басшылығындағы "қызыл кхмерлер" террорының нәтижесіне сайма сай келеді" деп топшылайды Роберт Киндлер.

Сталиннің ессіздігі жергілікті халықтың басым бөлігінің өмірін жалмады.

Роберт Киндлердің бұл диссертациясы Иоганн Густав Дройзен атындағы сыйлыққа ұсынылып жатыр. Жас тарихшы өз зерттеуінде, негізінен, қазақстандық және ресейлік мұрағаттардың құжаттарын пайдаланған.

1 пікір