Иран Еуропаға сес көрсетті
Иран Еуропаға сес көрсетті
2 жыл бұрын 807

Иранның жоғары рухани көсемі, аятолла Әлі Хаменей мәлімдегендей, Еуропа елдері Иран Ислам Республикасының бейбіт мақсатта қолға алынған ядролық бағдарламасының жүзеге асуына кедергі келтіріп, экономикалық санкцияны күшейтсе, парсылар кәрі құрлықты мұнаймен және газбен қамтамасыз етпейтін болады. Бұл жайында Иранның мемлекеттік ақпарат агенттігі хабарлады. «Газ Еуропа мен бүкіл әлемге керек. Иран егер қажет деп тапса, санкция ретінде қолданатын құралға ие»,- деп мәлімдеді ол. Сондай-ақ, ол батыс елдерінің «бұға берсең, сұға беретін» қысымына қарсылық көрсететінін айта келіп, аталмыш бағдарламадан қайткен күнде де бас тартпайтындарын мәлімдеді. Айта кету керек, Иран тәулігіне 2,7 миллион баррел мұнай мен 600 миллион текше метр газ өндіреді. Әлем бойынша мұнай қоры жағынан үшінші орында тұр. Нақты санмен өрнектегенде, әлемдік қордың шамамен 10 пайызына немесе 18,8 миллиард тоннасына ие. Бұл жағынан  Сауд Арабиясы мен Венесуэладан кейінгі орында тұр. Иран билігі мұнай мен газды экспорттаудан түсетін табысты жылына 25-30 пайызға дейін азайтуды көздеп отыр. Аятолланың мұндай мәлімдеме жасауына жуырда Еуропалық одақтың Иранның ұлттық танкерлік компаниясына қатысты санкцияны қайта жаңғыртқаны себеп болды. Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын Иранның сыртқы елдермен есеп айырысуда АҚШ долларын пайдаланудан бас тартқанын хабарлаған болатынбыз. Иранның орталық банк директорының орынбасары Гөләм Әлі Камиаб шетелдіктермен мәміле бекіткен кезінде қытайдың юанын, еуроны, түрік лирасын, орын рублін және оңтүстік кореяның вонын есепке алатынын жария еткен еді.

0 пікір
Мұрағат