Әлем жаңалықтары: Мұсылман әйелді ренжіткен адам жауапкершілікке тартылды
Әлем жаңалықтары: Мұсылман әйелді ренжіткен адам жауапкершілікке тартылды
9 жыл бұрын 3181

Мұсылман құқық қорғаушысы саудаға шығарылған майкадағы «Осыны сүй немесе кет» деген жазуына өз пікірін білдіргені үшін естімеген сөзі қалмады. Бір тәуірі, полиция бұл жайтты жайына қалдырмай, әлеуметтік желіде әйелге шүйлігіп, тіл тигізген бірнеше австралиялық азаматты жауапкершілікке тартты. Бұл жайында Brisbane Times ақпарат көзі хабар таратты. Ауғанстан тумасы, 30 жастағы Мариям Вейсзаде есімді келіншек Twitter әлеуметтік желісінде спорт киімдеріне мұндай жазудың жараспайтынын әрі бұл жазудың кей адамдардың көңіліне келетінін айтып, пікір білдірген болатын. Осыдан кейін оны балағаттандар, тіпті, қоқан-лоқы көрсеткендіктен мұсылман келіншегі күйзеліске түскен. Квинсленде тәртіп сақшылары мұсылман әйелді жәбірлегендерді іздестіріп 22 жастағы Ипсвича тұрғынын, Оңтүстік Уэльстің ер адамын қылмыстық жауапкершілікке тартатын болды.

 

Аятолла Хаменей: «Снайпер» фильмі исламофобияны ашық насихаттайды

Ирактықтарды қырып салатын көрініске толы «Америкалық мерген» деп аталатын фильмді аятолла Әлі Хаменей сынға алды. Ол аталмыш кино өнімде исламофобиялық жат құбылыстың ашық насихатталғанын айта келіп, фильмді түсіргендерді айыптады. Сәл шегініс: өткен жылдың желтоқсан айының соңында көрермендерге жол тартқан фильмде Иракта 160 адамды жайратып салған АҚШ мергені Крис Кайлдің өмірі арқау болған. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Аятолла сөзінің соңында Еуропа мен Америкадағы мұсылмандарға қарсы насихаттың күшейіп келе жатқанына алаңдаушылық білдірді.

 

Мұсылмандар синагогты қорғауға уәде берді

Норвегиялық мұсылман жамағаты осы елдегі иудейлермен арадағы ынтымақтастығын көрсету үшін Осло қаласында орын тепкен синагогты қорғауға уәде етіп отыр. Бұл жайында The Inquisitr ақпарат көзі хабар таратты. «Егер жалған жиһадшылар ислам атын жамылып, бүлік шығарғысы келетін болса, онда алдымен бізбен айқасуына тура келеді»,- деді аталмыш акцияны ұйымдастырушылардың бірі. Осы сенбіде мұсылман жамағаты аталған синагогты айнала қол ұстасып, иудейлердің дәстүрлі құлшылығын алаңсыз атқаруына жағдай жасамақшы. Бұл бастаманы Хажрад Аршад есімді 17 жастағы бойжеткен көтерген болатын.

 

Тележүргізуші әйелдерден экранға шариғат шәлісін жамылып шығуды талап етті

Сауд Арабиясының Шурасы (саудиялық әйелдердің кеңесі) тележүргізуші әйелдерден эфирге шариғат шәлісін жымылып шығуды талап етпек. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Осы мәселеге байланысты Ирандағы телеэкранға шығатын шариғат талаптарына сай киінген әйелдерді үлгі етіп отыр. «Саудиялық әйелдер масс-медиаға шариғат талаптарына сай киіндіріп шығару арқылы бұқаралық ақпарат құралдары еліміздің мәдени құндылықтарын паш етуі тиіс»,- деді осыған қатысты пікірін білдірген азамат.

 

Түркия өз аумағында ИСИМ-ге қарсы сириялық көтерілісшілерді жаттықтыруға рұқсат берді

Түркия билігі ел аумағында ИСИМ-мен күресетін сириялық оппозиция жасақтарына әскери жаттығудан өтуіне рұқсат берді. Бұл ақпаратты АҚШ мемлекеттік департаментінің ресми өкілі Джен Псаки де растап отыр. Оның айтуынша, сириялық оппозиция жасақтары Түркия жерінде наурыз айының орта шенінен бастап әскери жаттығудан өтеді. АҚШ ИСИМ-мен күресу үшін 1,2 мың сириялық азаматты әскери жаттығудан өткізеді. Бұл мәліметті Пентагон өкілі, адмирал Джон Кирби жеткізді. Адмиралдың сөзіне қарағанда бір мыңға жуық америкалық әскери нұсқаушы осы мақсатта Түркияға, Катарға және Сауд Арабиясына аттандырылады.

0 пікір
Мұрағат