Әйелдер билік ететін мұсылман халқы (фото)
Әйелдер билік ететін мұсылман халқы (фото)
13 күн бұрын 778 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Индонезияның Суматра аралының батыс бөлігінде өмір сүретін минангкабау халқының саны 4,5 млн адам. Қоғамы матриархат үстемдігіне құрылған әлемдегі ең үлкен халық. Яғни, қоғам құндылықтары мен салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы матриархаттық принциптерге негізделген. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» демекші, аталмыш халықта үй-жай, т.б. әйелдердің меншігінде, балалар аналарының тегіне жазылады., бұл елде ер балалар мұрагер бола алмайды. Тіпті, аталған елде әйелдері қуып жіберген жағдайда ер-азаматтарды паналататын орталықтар да кездеседі. Аңызға қарағанда,XII ғасырда Кото Бату патшалығын құрған Махараджо Дираджо бақилық болған соң оның артында үш әйелінен әлі оң мен солын тани қоймаған үш ұл бала қалады. Оның Пути Индо Джалито есімді бәйбішесі билікті өз қолына алып, матриархаттың негізін қалайды. Бұл елге ислам келмей тұрғанда табиғаттың дүлей күштеріне табынған болатын, одан кейін үнді жерінен келген индуизм мен буддизм әсеріне ұшырайды. Кейін матриархат үстемдік еткеніне қарамастан бұл ел патриархатты құптайтын исламды қабылдайды. Әдетте мұсылман елдерінде тұрмыс құрған әйел күйеуінәі үйінде тұрса, бұл елде керісінше, күйеу әйелінің үйіне «келін» болып түседі. Қалың малдың мөлшерін әйелдің отбасы күйеудің білімі мен кәсібіне қарай белгілейді. Үйлену тойында күйеу жігітті әйелдің үйіне түсіріп, шариғат талаптарына сай неке қидырады. Күйеуге шыққан минангкабау әйелі автоматты түрде әлеуметтік және экономикалық мәртебесі жоғарылайды. Отбасы мүшелері матронның, яғни, әйелдің анасының айтқанынан шықпайды, соған бағынады. Матрон «отағасы» ретінде жер меншігі мен туыстық қатынасқа жауапты, бұдан бөлек, дау-дамайға төрелік етіп, кесімді сөзін айтады. Ал минангкабау ерлеріне келсек, олар ақша тауып, отбасын асырауы тиіс. Бұл елде ерлердің көбісі нәпақа іздеп, үйінен шалғайға кетіп, бірыңғай ерлер қосынын құрады. Осы орайда тағы бір аңызды сөз етпекпіз. Тақырыпқа қатысты болғаны үшін. Аңызға сенсек, Ява аралындағы Маджапахит патшалығының көсемі минангкабау халқына соғыс жариялайды. Суматра патшасы қан-қасап соғыстың орнына енеке шайқасын өткізуді ұсынады. Аталған халықтың бағы бар екен, минангкабау енекесі жаудың енекесін өлімші етіп жер жастандырады. Минангкабау атауы содан қалған деседі – индонезиялық тілде «минанг» сөзі «жеңімпаз» мағынасын берсе, «кабау» – «енеке». Осылайша жергілікті тұрғындар қос мүйізді көз алдыңа әкелетін ұшы шығып тұратын ұлттық бас киімдерінің ерекшелігін осылай түсіндіреді. Тіпті, сәулет өнері де біз жоғарыда сөз еткен аңызға негізделген. Әйеліне қалтқысыз бағынса да ер-азаматтар өзінің туған-туыстарынан қол үзбейді. Өйткені, әпке-қарындастарының балаларын тәрбиелеуге атсалысады. Бұл тәжірибе антропологияда «авункулатом» деп аталады әрі матриархат дәуіріндегі салт-дәстүрмен байланысты. Бұл елде баласын әкесі емес, шешесінің бауырлары тәрбиелейді. Матриархат үстемдік еткеніне қарамастан бұл елдің ер-азаматтары ержүрек келеді. Минангкабау халқы анталап келген жаудың бетін қайтарып, әрдайым тойтарыс беріп отырады. Өздерін отарлауға келген голландықтардың арынын басқан ел. Бұл елде ұл бала 7 жасқа толғанда үйінен кетіп, мешіт ретінде, яғни, құлшылық орны ретінде пайдаланылатын «сурау» деп аталатын жамағат орталығында ислам дінін және өздерінің «адам» деп аталатын әдет-ғұрпын зерделейді. Ақшам намазынан кейін олар «силат» деп аталатын өз-өзін қорғау тәсілдеріне машықтандырылады. Міне, бұл халық туралы бар айтарымыз осы. 

0 пікір
Мұрағат