Оман ҚР азаматтары үшін визалық талаптарын жеңілдетпек
Оман ҚР азаматтары үшін визалық талаптарын жеңілдетпек
12 күн бұрын 154

Қазақстан елшісі Нәжмедин Мұхаметәлі Оман Сұлтандығының туризм министрі Ахмед әл-Махризимен кездесіп, Қазақстан мен Оман арасындағы туристік қарым-қатынастардың ахуалы мен болашағын талқылады, деп хабарлады bag.kz ақпарат көзі СІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қазақстан елшісі 2019 жылғы 30 қыркүйектен бастап Оман азаматтары үшін Қазақстан аумағында 30 күндік мерзімге дейін визасыз болу тәртібі енгізілгені туралы мәлімдеді. Қазақстан дипломаты бұл қадам тек туризм саласындағы қарым-қатынастарды ғана дамытып қоймай, жалпы сауда-экономикалық ынтымақтастық пен әрекеттестікті одан әрі жетілдіруге жол ашатынына сенім білдірді. Осы ретте Оман тарапынан қарымта шаралар күтетінін жеткізді.

"Оман Сұлтандығының туризм министрі А.әл-Махризи Қазақстанның бұл шешімін жоғары бағалап, ризашылығын білдірді және Оман тарапының да тиісті қарымта шаралар қабылдау қажеттілігіне назар аударды. Қазақстан азаматтарына Оманға виза рәсімдеуді жеңілдететінін атап өтті. Осы орайда ол алғашқы қадам ретінде Оман тарапы қазақстандық азаматтарға электрондық виза енгізетінін және жақын болашақта Қазақстан азаматтары (АҚШ және басқа да дамыған Батыс елдерінің азаматтары сияқты) визаны Оманның тікелей әуежайларында және басқа да шекаралық бекеттерінде алу мүмкіндігіне ие болатынын хабарлады",- делнген таратылған ақпаратта.

А.әл-Махризи еліміздің туристік әлеуетін атап өтіп, Қазақстанның жоғарыда аталған қадамын Қазақстанға баратын омандық туристер санының күрт артуына алып келетініне сенім білдірді. Сондай-ақ, тараптар жақын болашақта Қазақстан мен Оман арасындағы тікелей әуе рейсінің ашылуына үміт білдіріп, аталған бағытта тиісті шаралар қабылдауға келісті.

0 пікір
Мұрағат