Бір-біріне табыт сыйлайтын халық табыттан жаппай бас тартып жатыр
Бір-біріне табыт сыйлайтын халық табыттан жаппай бас тартып жатыр
6 жыл бұрын 8397 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қытайдың Цзянси провинциясында жергілікті тұрғындар табыттан жаппай бас тартып жатыр. Осылайша дүние салғанда өзін жерлеуден гөрі кремациялауға келісімдерін беріп жатыр. Бұл жайында BBC News ақпарат көзі хабар таратты. Бұған мазарға бөлінетін жер телімінің болмауы немесе жерлеу рәсімінің қымбаттығы себеп болып отыр. Әр табыт үшін жергілікті тұрғындар шамамен 2 мың юан (303 доллар) өтемақы алады. Енді өзіңіз салыстырып көріңізші: табыт тапсырғаның үшін табыс та табасың, ал жерлеу шығынын былай қойғанда ең абарзан табыт сатып алу үшін қалтасынан кем дегенде 3 мың юан (455 доллар) қаржы шығаруға тура келеді. Қисынды ма? Әлбетте, табыт тапсырып табыс таппай-ақ, өзінің сүйегін өртеуге берген әлдеқайда арзанға түспек. Жергілікті биліктің үндеуіне құлақ асқандар маусым айының 23-24-і күндері бес мыңнан аса табыт тапсырған. Тіпті, кейбіреулерін табыттан мәжбүрлеп бас тартқызған. Қытайлар үшін табыттың орны бөлек. Әсіресе, ауылдық жерлерде тұратындар үшін. Ең жақын адамына табыт тарту етіп жатады. Сөз орайы келгенде айта кету керек, 2016 жылдың сәуір айынан бері мазарға жер бөлу мәселесі күн тәртібінен түспей келеді. Бұл мәселенің шешімін кремациядан көріп отыр. Сәуір айының соңына таман Қытай халық республикасының соты Шаньдун провинциясынан бес ер адамды абақтыға жапты. Олар қабірді қазып алып мүрдені ауылдық жердегі тұрғындарға сатқан. Яғни, кремацияға өзге біреудің сүйегін өртеуге берген. Өз туыстарының сүйегін жер қойнына тапсыру үшін. 

0 пікір
Мұрағат