Саудия «көзтүрткі» болудан шаршады
Саудия «көзтүрткі» болудан шаршады
6 жыл бұрын 2950 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Сауд Арабиясының билігі кейінгі кезде ел ішінде реформаларды қолға алып қана қоймай, халықаралық қатынаста да, әлемдік аренада да өз имиджін жақсартуға көшті. Жаманатты болудан шаршаған Саудия Еуропаның қақ төріндегі аса ірі мешітке бақылау жүргізуден бас тартты. Осылайша еуропалықтар тілімен кестелегенде «Исламның ультраконсервативтік нұсқасын ғаламда таратушы» деген репутациясынан құтылғысы келеді. Басынан тарқатып айтсақ, 1969 жылы Белгия билігі ел астанасы – Брюссел қаласындағы Ұлы мешітті (Grande mosquee de Bruxelles) саудиялықтардың басқаруына берген. Есесіне, аталған елден мұнайды арзан бағаға сатып алатын болып. Соңғы жылдары терроризмнен есі кеткен әлемдегі жағдайды ескерген белгиялықтар ендігі жерде сақтық үшін жергілікті тұрғындар арасында «радикализмнің ошағы» саналған мешітті өз иелігіне алмақ. Десе де аталмыш мешіт басшылары қандай да бір зорлық-зомбылықты насихаттап отырмағандарын айтып, шыр-пыр қағуда. Сөз орайы келгенде айта кетейік, Белгия мен Саудия арасындағы қатынас өте нәзік деңгейде қалыптасқан: Саудия Белгияға аса ірі мөлшерде инвестиция құйып отырған ел әрі белгиялықтардың қаруын сатып алушы ел. Осындай себептермен екі елдің билігі арадағы коммерциялық әрі қорғаныс саласындағы байланысқа сызат түсіріп алмауға аса сақтықпен қарайды. Бұған қоса, Брюсселдегі мұсылмандардың бұл құлшылық үйін 1880 жылы салынған, кейін қаңырап қалған Үлкен көрме павильонынан мешітке айналдырған да саудиялықтар болатын. Дәлірегі, саудиялықтардың қаржысымен ашылған мешіт-тұғын. Бұл мешітті орталығы қасиетті Мекке шаһарында орналасқан Дүниежүзілік мұсылман лигасы басқарып келген еді. Тағы бір айта кетерлігі, соңғы жылдары бұл мешітте экстремизм насихатталып жүр деген қаңқу сөз тарағанымен полиция бірде-бір дәлел таппаған еді. Тіпті, өткен жылдың қазан айында Белгия парламентінде Саудиямен арадағы 99 жылға бекітілген келісім-шартты бұзу жөнінде мәселе де көтерілген болатын. Сол айда иммиграция істерімен шұғылданатын министр Тео Франкен Ұлы мешіттің тегі мысырлық имамын қумақшы да болды. Алайда, сот дәлел жоқ деп, министрдің бұл қадамына тосқауыл қойды. Саудия бұл мешіттен бас тартқан жағдайда жыл сайын оған бөлінетін 5 млн еуроны белгиялықтар бөлуге құлықты ма? Белгиялықтар қаржы бөлуден бас тартса, аса ірі мешіттің жабылатыны сөзсіз. Қайырымды демеуші табылмаса.

0 пікір
Мұрағат