Қияметке дейін жауласып өтуі мүмкін екі ел
Қияметке дейін жауласып өтуі мүмкін екі ел
6 жыл бұрын 4363 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Таулы Қарабақ даулы аймағы Әзірбайжан мен Арменияны қияметке дейін бітіспес бір-біріне жау елдерге айналдырып отыр. Олай дейтініміз, аталған екі елдің экономикалық, демографиялық, әлеуметтік, саяси, т.б. факторларды қаперге алған күннің өзінде аса үлкен айырмашылығы жоқ. Осы себепті, бір-біріне жеңсік бермей өтеді. Салыстырмалы түрде екі елдің де әлеуеті шамалас, бір-бірін ала алмайды. Десе де Әзірбайжан өзінен халқы да аз, экономикалық мүмкіндігі де шектеулі Арманиядан өзінің тарихи мекенін неге қайтара алмай отыр? КСРО ыдыраған кезде армяндар көптеп шоғырланғандықтан Армения құрамында қалып қойған таулы аймақты қайтара алмауы да мүмкін. Өйткені, Армения бір қарағанда жанжалды шешуге бағытталғандай көрінетін, алайда, орындалуы неғайбыл шарттарды көлденең тартып, ымыраға келуге ниетті емесін аңғартып алды. Нақтырақ айтқанда, таяуда, дәлірегі, ақпан айының 12-і күні Армения президенті  Серж Саргсян әзірбайжандардың шындықтан алыс үміттен бас тарпайынша бұл тартысқа нүкте қойылмайтынын мәлімдеді. «Әзірбайжан Зангезурді (Арменияның Сүйінік облысы) басып алу туралы қиялдың құшағынан шықпайынша біз жанжалдың шешімін табылуынан үмітімізді үземіз»,- деген ол: «Өткен жылдары Әзірбайжанның арадағы жанжалды бейбіт жолмен шешуге мүмкіндіктері көп болды. Алайда, уысынан шығарып алған мүмкіндіктері үшін өкініш білдіргеннен басқа қолымыздан келер қайран жоқ»,- деп көсілді. Армения басшысы бұл мәлімдемесін ақпанның 8-і күні Әзірбайжан президентінің билік басындағы «Жаңа Әзірбайжан» партиясының сьезінде сөйлеген сөздеріне қарымта жауап болды. Илһам Әлиев алқалы жиында не деп еді өзі? Ол үлкен мінберден өзі басқарып отырған елдің саяси әрі стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін атай келіп, әзірбайжандардың тарихи жерін қайтарудың маңыздылығына тағы бір тоқталған еді. Оның айтуынша, қазіргі Арменияның оңтүстік-батыс және орталық бөлігіндегі Ереван хандығын, Зангезурды және Гокшаны (Арменияның шығысындағы Севан көлі) қайтару турасында айтып қалды. «Мұны келер ұрпағымыз да, күллі әлем де білуі тиіс. Біздер, әзірбайжандар тарихи атамекенімізге оралуымыз керек. Біздің ең басты саяси әрі стратегиялық мақсатымыз осы»,- деп мәлімдеді. 

0 пікір
Мұрағат