Қырылып жатқан киіктердің саны жаға ұстатады
Қырылып жатқан киіктердің саны жаға ұстатады
9 жыл бұрын 4262

31-арнаның жаңалықтар бөлімінің хабарлауынша Қазақстандағы қырылып жатқан киіктердің саны 85 мыңға жетті. Кеше Астанада Ауыл шаруашылығы вице-министрі шұғыл жиын өткізіп, ақбөкендердің қандай дерттен өліп жатқанын айтты. Мамандар күн сайын қырылып жатқан киелі жануарды көміп үлгермей жатқандарын мойындады. Күннің ыстығында үйіліп жатқан өлекселерден ауру тарамай ма? Қырылған киік етінің базарда сатылмауына кім кепілдік береді? Гүлбану Әниятқызы бұл сауалдарды вице-министрге қойған еді.

Күн сайын қырылып жатқан киіктерге қатысты Астанада шұғыл жиын өткізген Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері жағаны ұстатады. Киелі жануардың 85 мың басы Қостанай, Ақтөбе облыстары мен Бетпақдаланың әр жерінде тау тау болып үйіліп жатқан өлексеге айналған. Министрлік киіктердің қырылуы енді солтүстікке қарай ауысқанын, бүгін Ақмола облысында мыңнан астам өлексенің табылғанын айтады. Алайда, күннің ыстығында шыбын-шіркей құжынаған ақбөкендерді мамандар жойып үлгере алмай жатыр. Бүгінде тек 40 мың өлексе ғана арнайы ережемен, яғни аң-құс қайтадан қазып алмайтындай көміліпті.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Бүгінгі күні  инструкция бойынша көміліп жатыр. Оны көміп әдейі раствормен құйып көміп жатыр.

Тіпті, шенділер далада тау болып үйіліп жатқан өлекселерден ешқандай ауру тарамайды деп сендіріп отыр. Өйткені, киік қырылған аймақтар қоршауға алынып, арнайы бекеттер қойылған. Ал, өлген ақбөкеннің етін ауылға әкеліп, базарға сату мүмкін емес дейді.

ЕРЛАН НЫСАНБАЕВ, ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

Елдімекендерден өте алыс, жарты күннен соң жеуге жарамайды. Алып шығудың өзі қиын.

Алдын ала болжам бойынша, киелі жануарлар жұқпалы пастереллез дертінен қырылыпты. Алайда, жабайы жануар болғандықтан аурудың алдын алу мүмкін емес дейді министрлік өкілдері. Ал індеттің қайдан шыққанын білу үшін Үкіметтен 70 миллион теңге бөлінгенімен,  4 жыл бойы Ғылыми зерттеу институты түк бітірмеді деп отыр. Білім министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп дерттің себебін анықтай алмай жүргенде, далада жүрген 200 мыңнан аса ақбөкендердің 30 пайызы алты күн ішінде қырылып қалды.

 

1 пікір
  • Ал індеттің қайдан шыққанын білу үшін Үкіметтен 70 миллион теңге бөлінгенімен, 4 жыл бойы Ғылыми зерттеу институты түк бітірмеді деп отыр. Білім министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп дерттің себебін анықтай алмай жүргенде, далада жүрген 200 мыңнан аса ақбөкендердің 30 пайызы алты күн ішінде қырылып қалды.

    Сұмдық. . . сонда кім анықтайды.
    9 жыл бұрын
Мұрағат