Қырғыз жастарының үштен бірі мемлекет заңының шариғатқа негізделгенін қалайды
Қырғыз жастарының үштен бірі мемлекет заңының шариғатқа негізделгенін қалайды
5 жыл бұрын 3023 islam.kz-ке сілтеме берілуі міндетті

Қырғыз жастарының 34%-ы мемлекеттік басқару ісінің шариғат талаптарына негізделгенін қолдайды. Қырғыз жастарының 32%-ы ел аумағында діни үкімдердің үстемдік құруына қарсы. Исламтану институты жастар және діни экстремизм тақырыбында жаңа зерттеу нәтижесімен бөлісті. Аталмыш институт келтірген дерекке қарағанда, қырғыз халқының үштен екісі мұсылман. Алайда, олардың арасында діни парыздарды толық орындап, ұстайтындар қарасы аз. Яғни, біреуі ауыз бекітіп, ораза ұстағанымен, бейнамаз болса, енді біреулері намазын оқығанымен ораза ұстамайды, т.б. Аталған ел аумағында арабша есімдер кеңінен таралып, сәнге айналған. Қырғызстанның исламтану ғылыми-зерттеу институты бұл бағытта 29 жасқа дейінгі студенттер мен медресе шәкірттері, жұмыс істейтіндер мен жұмыссыздар, т.б. арасында сауалнама жүргізген екен. "Қырғызстан шариғи ел болғанын қолдайсыз ба?" деген сауалға респонденттердің үштен бірі, яғни, 33,33%-ы "иә" деп жауап берсе, 34,34%-ы - бұл сауалға жауап бере алмайтынын жеткізген, тек 32,32%-ы мемлекеттің шариғи негізде басқарылғанын құптамайтынын жеткізген. Аталмыш сауалнамаға ұзын-саны 1 050 қырғыз жасы қатысқан. Аталмыш институт директоры Маметбек Мырзабаевтың айтуынша, қырғыз жастарының зайырлы "қоғамнан жерінуіне" елдегі жең ұшынан жалғасқан сыбайлас жемқорлық себеп болған. Бұдан бөлек, арсыздық пен азғындықтың етек алғанына наразы.  2010-2012 жылдары Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы болып қызмет атқарған Шұбақ қажының айтуынша, Қырғызстан республикасы конституциясының 70%-ы исламға қайшы емес.

0 пікір
Мұрағат