Күрдістан тәуелсіз мемлекет бола ма?
Күрдістан тәуелсіз мемлекет бола ма?
7 жыл бұрын 7541 bag.kz

25 қыркүйек күні Ирактағы күрдтер тәуелсіздік жөніндегі референдумда дауыс берді. Іште де, сыртта да сынға ұшыраған референдум қалай өтті, кімдер дауыс берді, Ирак үкіметі мен оның көршілері, басқа елдердегі күрдтер қандай пікірде, референдум нәтижесі бойынша күрдтер тәуелсіздікке ие бола ала ма? АҚШ, Ұлыбритания және халықаралық коалиция бұл референдумды екі жылға шегеруді сұраса, Ирактағы Күрдістан аймағының президенті Масуд Барзани оның тым кеш екенін айтты деп жазады BBC. 

Референдумның мақсаты не?

Барзани мен оның сепаратистік жақтастарының мәлімдеуінше, қаншама жылдық қысымнан кейін тәуелсіз күрд мемлекетін құратын уақыт келді.

Ирбил қаласында орналасқан Күрдістанның аймақтық үкіметі Бағдаттағы орталық өкімет билік пен ресурстарды бөлісу мәселесінде күрдтерге ұдайы әділетсіздік жасап келеді деген көзқараста.

Референдумды қолдайтын Ирактағы күрдтер тәуелсіздік «табиғи құқық» екенін, ал күрд мемлекетін құру аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз ететінін айтады.

Референдумда қандай сұрақтар қойылды?

«Күрдістан аймағы мен күрд территориясының тәуелсіз мемлекет болғанын қалайсыз ба?» деген сауалға сайлаушылар «иә» не «жоқ» деп жауап беруі тиіс.

«Күрд территориясы» деп отырғанымыз күрд қарулы жасақтарының бақылауындағы даулы аймақ. Онда Ирактың солтүстігіндегі мұнайға бай провинциялар құрамындағы күрд қалалары мен Киркук қаласы орналасқан.

Кімдер және қайда дауыс берді?

Басым бөлігі Ирак күрдтері болып табылатын бес миллионнан аса сайлаушы дауыс бере алады. Олар күрдтер бақылауындағы даулы аудандарда тұрақты өмір сүретінін растауы тиіс.

Арабтар, түркімендер және езидтер, сонымен бірге христиан-ассириялықтар, халдеилер қолдарында сайлаушылар диаспорасына қатысты құжаттары болса дауыс беруге қатысуы мүмкін.

• Күрдтер Таяу Шығыста саны жағынан төртінші этникалық топ. Бірақ ешқашан олардың мемлекеті болмаған.

• Иракта күрдтер халықтың 15-20%-ын құрайды, олардың саны шамамен 37 млн адам. Күрдтер 1991 жылы автономия алғанға дейін бірнеше жыл репрессияға ұшырады.

• Сауалнама Күрдістан автономиялық аймағына кіретін үш провинцияда, даулы аймақтарда өтті.

• Күрдістан аймағында резидент ретінде тіркелген 18 жастан асқан күрдтер мен басқа ұлт өкілдері, яғни 5,2 млн адам үшін дауыс беру ашық болды.

Ирак үкіметі дауыс беру туралы не деді?

Ирак премьер-министрі Хайдер әл-Абади дауыс берудің «заңсыз» және «конституцияға қайшы» екенін айтты.

Бағдадтағы Ирак парламенті референдумның өтуіне қарсы дауыс беріп, Абадиден күрд сепаратистік қозғалысының алдында Ирактың тұтастығын сақтау жөніндегі шараларды қабылдауды сұрады.

14 қыркүйекте парламент референдумды белсенді түрде қолдайтын күрд, Киркук губернаторын қызметінен босату үшін дауыс берді.

Ирак әскерилерінің айтуынша референдум Киркук провинциясындағы Хавия секілді қалалардағы даулы аудандарды бұрынғыша бақылауында ұстайтын «Ислам мемлекеті» ұйымымен шиеленісті одан сайын ушықтырады.

Ирактағы күрдтердің бәрі тәуелсіздікті қолдай ма?

Ирактағы кейбір күрд саясаткерлер, бизнесмендер және қоғам қайраткерлері «Қазір емес» қозғалысын құрып, қазіргі экономикалық ситуациялар және қауіпсіздік мәселелеріне байланысты референдум өткізу ерте екенін мәлімдеді.

Кейбір күрдтер болса тәуелсіздік жөніндегі референдумды кейінге қалдыру науқанын басқарып отыр.

Науқанның басқа қатысушылары қоғамдық пікірмен санасуға қарағанда референдумның заңдық күші жоқ екенін және Барзани мұны партиялық және жеке беделін нығайту үшін пайдаланып отырғанын айтады.

Олар референдум шынайы тәуелсіздікті бермейді, керісінше шиеліністерге және экономикалық проблемаларға әкеліп тынады деген пікірде.

Киркук ауданындағы араб және түрікмен партияларының көп бөлігі сауалнамаға бойкот жариялады.

Ниневия провинциясының даулы жері Синджан ауданындағы езидтер референдумға қатысудан бас тартты.

Ирактың көршілері не ойлайды?

Түркия мен Иран референдумға қарсы. Анкара мұны «тарихи қателік» десе, Тегеран «қауіпті қадам» деп отыр.

Олардың қарсы болатын себебі, аталған екі елде де күрдтер тұрады. Және сан жағынан олар Ирактағы Күрдістан халқынан әлдеқайда көп.

Сирия үкіметі рефренедумға байланысты позициясын мәлімдеген жоқ. Бірақ Дамск Таяу Шығыстағы кең ауқымды тұрақсыздықтан соң Ирактың аймақтық тұтастығын сақтап қалуды жақтайды.

Көрші елдердегі күрдтер не дейді?

«Ислам мемлекетімен» күресте алдыңғы шепте тұрған Сириядағы күрдтер тәуелсіз күрд мемлектін құру идеясын құптамайды. Олар өздері Рожаво деп атайтын Сирияның солтүстік бөлігіне автономия беруді талап етеді.

Дегенмен референдум қорытындысы қандай болса да Ирактағы күрдтер шешімін құрметтейтінін мәлімдеп отыр.

Түркиядағы күрдтер тәуелсіздік идеясын қолдайды.

Тыйым салынған «Күрдістан жұмысшы партиясы» дауыс беру Барзанидың билікте қалу мақсатында жасап отырған насихаттық қулығы екенін айтады. «Күрдістан жұмысшы партиясы» референдум орнына «демократиялық автономия» дұрыс деп есептейді.

Ирандағы күрд партияларының басым бөлігі референдумды қолдайды және көрші Ирактағы күрдтердің бұл әрекетінен үлгі алсақ дейді.

Нәтиже қандай болуы мүмкін?

Референдум жоспарланған сценарий бойынша өтсе сайлаушылардың басым бөлігі бөлініп шығу үшін дауыс береді. Бірақ Ирактың орталық үкіметі олар дауыс беру нәтижесін мойындамаймыз деп отыр.

Ирактағы БҰҰ миссиясы дауыс беру мониторингімен айналыспайтынын, сол себепті референдумда ресми бақылаушылар жоқ екенін айтады.

Референдумда "иә" деп дауыс берушілер жеңген күннің өзінде Ирактағы күрдтер тәуелсіз мемлекет жариялай алмайды. Дегенмен, референдум нәтижесі Ирбил мен Бағдад үкіметі арасындағы табиғи ресурстар мен территориялық мәселелерге қатысты келіссөздер жүргізудің бастамасы болмақ.

0 пікір
Мұрағат