Карикатура жасағаны үшін Нобель сыйлығына ұсынылды
Карикатура жасағаны үшін Нобель сыйлығына ұсынылды
9 жыл бұрын 3267

Норвегия парламентінің мүшесі Майкл Тетзшнер 2005 жылы Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаны (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) келемеж етіп, карикатурасын салған даниялық Jyllands-Posten басылымының редакторы әрі суретші Флемминг Роузаны Бейбітшілік аталымы бойынша Нобель сыйлығына ұсынды. Парижде орын алған Charlie Hebdo сатиралық журналының төңірегіндегі өшірілуі екіталай өртке ұласа жаздаған дау-дамайдың шаласы басылмай жатып, отқа май құя түскісі келгендей. Астарында анық арандату пиғылы қылаң берген оның бұл қасақана қарекеті әлі қаны тыйылмаған жараға тұз сепкендей болды. Оның бұл «тосын» ұсынысына мән бермес пе едік, егер оны арада Charlie Hebdo басылымының арандатушы әрекетінің ұмытылатындай уақыт өткізіп барып айтпай, өтірік көз қылып болса да әдеп сақтамағаны тіксіндірмегенде. Бұл нені білдіреді? Бұл олай, былай дейтіні жоқ, бұлтақтамай турасын айтсақ, батыста билік басында арқадан қаққан болып, елді алатайдай бүлдіруге, сол арқылы белгілі бір саяси ұпай жинап қалуды көздейтін топтардың бар екенін әйгілейді. Әйтпесе, әлгіндей ұсынысты айтпас еді. «Сөз бостандығының ымырасыз қорғаушысына сыйлықты әперу осынау бостандықты бейбіт тұрғындарға сойқан шабуыл жасау арқылы тұншықтырғысы келетіндердің жолын кесудің белгісі болып табылады. Олар ешуақытта дегендеріне жетпейді», - деп жазған екен депутат Нобель комитетіне жолдаған хатында. «Биыл үміткерлер тізіміне есімдері соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған оқиғалармен байланысы бар тұлғалардың енгенін көріп отырмыз»,- деп хабарлаған екен AFP ақпарат агенттігіне Нобель комитетінің хатшысы әрі норвегиялық нобель институтының директоры Улав Ньёлстад. Ол осы мәлімдемесі арқылы кімдерге бүйрегі бұратынын анық аңғартып отыр.

0 пікір
Мұрағат