Жаңалықтар топтамасы: Құранның 40 000 данасы таратылды
Жаңалықтар топтамасы: Құранның 40 000 данасы таратылды
2 жыл бұрын 982
Діни іліммен қатар дүниеуи білім де керек

Ғаламторда саудиялық шейхтың айтқа уағыздарының бірінде қалай күлкіге қалғаны жөнінде бейнежазба пайда болды. Бұл жайында әлемге танымал «Al Arabiya» ақпарат көзі хабар таратты. Табалады демеңіз, бастауыш сынып оқушысы білетін шындықтан хабары жоқ адамның қалай шейх атанып, уағыз айтып жүргені таңқалдырады. Бандар әл-Хайбардың айтуынша, жер күнді емес, күн жерді айналады. «Біз Қытайға ұшақпен жету үшін Шарж әуежайына барамыз. Мұны жер деп ойлаңыздар»,- деген шейх ұшақ көкте қалықтап тұрып қалса, жер айналып тұруы тиіс емес пе, Қытай ұшақ қалықтап тұрған маңға жақындауы керек емес пе еді, ал егер жер кері бағытта айналатын болса, «ұшақ Қытайға ешуақытта жете алмас еді». Қызық болғанда, ол бұл тұжырымын жердің күнді айналатыны туралы жаңалық ашып, артынан осы жаңалығы үшін инквизитерлер оны тірідей өртеп жіберген Галилео Галилей туған ақпан айының 15-і күні айтқаны қызық болды. Құстың қос қанаты болатыны, егер бір қанаты болмаса, ұша алмайтыны секілді діни іліммен қатар дүниеуи білімнің керегі де осындай да ғой.

 

Құранның 40 000 данасы таратылды

Гамбиде орналасқан коммерциялық емес Jamaatu Salam қайырымдылық қоры өткен демалыста ел аумағындағы және елден тысқары түрлі институттарға қасиетті Құранның 40 000 данасын тегін таратты. Оның 1000 данасы мұсылмандардың қасиетті кітабын жаттау байқауын ұйымдастырып, ислам дінін зерделеуге үлес қосып жүргені үшін Гамби басшысына тарту етілді. Jamaatu Salam ұйымының жетекшісі Қажы Самбу Ламин Турай осы қордың жұмысына қолғабыс етіп жүрген Дубай, Катар және Сауд Арабиясының жекелеген тұлғалары мен ұйымдарына алғыс айтты. Айта кету керек, Гамбидегі аталмыш қайырымдылық қоры осы елдегі мешіттерді жөндеу және тұрғызу, қоғам игілігіне құдық қазу, шәкіртақы тағайындау секілді талай игі істерге ұйытқы болып жүр. Аталған қор жетекшісінің сөзіне қарағанда қасиетті кітаптың 15000 Гамбиде, 10000 Сенегалда, 15000 Гвинея-Бисауда таратылған. Қасиетті Құранды елдегі медреселер мен мешіттер және ислам институттары теңдей бөлісіп алды.

 

Ғалымдар «жасанды бұлт» жасап шығарды (ФОТО)

Muslim.kz сайтының хабарлауынша өзінің сән-салтанатымен өзге шаһарлардан атағы асқақтап тұрған Дубайдың тағы бір кереметі пайда болды. Италяндық ғалымдар ойлап шығарған «жасанды бұлт» құрылғысы енді дубайлықтарды аптап ыстықтың азабынан құтқаратын болады.

Көптеген құбырлардан тұратын құрылғы суық ауа буын үрлеу арқылы айналасын салқындатып, жаңбырдан соңғы жағдай туғызады. Бір айта кетерлігі, құрылғыс сенсорлық жабындыларымен жабдықталып, тек адам жақындағанда ғана суық ауа үрлей бастайды.

Айта кетейік, ауаны белгілі бір қалыпқа келтіру жөнінен Дубай әмірлігі әлемдегі көшбасшы қалалардың бірі болып табылады. Ал, жаңадан ойлап тапқан құрылғы ақпан айының соңында «Болашақ мемлекеттік қызмет музейінде» көрсетіледі.

  

Францияда мұсылмандар саны екі есе артқан

Соңғы кездері, дәлірегі, француздардың сатиралық басылымының сөз бостандығын желеу етіп, Пайғамбарлар падишасы – Мұхаммед Мұстафаның (Алланың сәлемі мен игілігі жаусын) карикатурасын жариялағаннан кейін бұл елде ислам дінін қабылдағандардығ қарасы артқан. Яғни, мешітке арнайы келіп, өзінің ислам дінін қабылдағысы келетініндердің қатары қалыңдаған. Бұл жайында OnIslam ақпарат көзі хабар таратты. Париж шаһарындағы орталық мешіт қызметкерлері де бұл ақпаратты растап отыр. Өткен жылғымен салыстырғанда тура жолға түскендердің қарасы екі есеге артқан. Мәселен, Страсбург және Обервилье қалаларында ислам дінін қаабылдағандардың пайызы жоғары: өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 30 пайызға жоғары болып шыққан. Лион шаһарында бұл көрсеткіш 20 пайызға артқан екен. Кәрі құрлықтың қақ төрінен ойып тұрып орын алған осынау елдің имамдары да ең алдымен ислам дінін қабылдағандар қарасының көбейгеніне, содан соң олардың арасында дәрігер, мұғалім және тәртіп сақшысының болуы да таңқалдырып отыр.

 

Екі ортада бейбіт тұрғындар қырылды

Естеріңізде болса, 21 мысырлық копт христианының Ливия жерінде ИСИМ содырларының қолынан опат болғаны, осыған байланысты Мысыр кек алу үшін террористік топтың нысандарына (әскери жаттығу лагеріне, қару-жарақ қоймасына, т.б.) әуеден шабуыл жасағаны турасында хабарлаған болатынбыз. Алайда, бата тимей қата тиіп, екі ортада жазығы жоқ бейбіт тұрғындардың қанын нақақ төгілді. Нақтырақ айтқанда, жеті адам қаза тапқа, олардың үшеуі – балалар. Қаза тапқандардың бәрі Мысыр шекарасына жақын маңдағы Дерна елді-мекенінің тұрғындары. Бұл жайында Al Jazeera ақпарат көзі хабар таратты. Осыған байланысты Ливия үкіметінің басшысы Омар әл-Хаасси Мысырдың әскери әуе соққысын айыптады. «Мысырлық әскерилер Ливияның егемендігіне қол сұқты», деп мәлімдеді. Мысыр президенті осы шабуылын жасамас бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік кеңесінен халықаралық интервенцияға санкция салатын қарар қабылдауды сұраған болатын. Бұрын елдің қорғаныыс министрі болған ол ливвиялық жанжалға сыртқы күштердің аралспаса, реттелмейтінін алға тартқан болатын. «Ливияда болып жатқан жағдай – қылмыс. Біз балаларымызды бауыздап жатқанда, қол қусырып, қарап отыра алмаймыз. Кез келген мемлекет өзін-өзі қорғауға құқылы»,- деген мәлімдеген болатын.

 

Канада да Жапониядан қалыс қалмады

Кеше Жапония билігінің ИСИМ ссодырларымен күреске 15 млн доллар бөлетіні жайында хабарлаған болатынбыз. Күншығыс елі секілді үйеңкілер елі де Ирактағы ИСИМ қанышерлеріне қарсы шараларға 122 млн. канада долларын бөлетінін жариялады. Канада Қорғаныс министрі Джейсон Кенни: "Осы аптада мен аталған мақсатқа жұмсалатын шығындар туралы мәлімдемені ұлттық парламент алдына шығармақпын. Бұл мақсатқа біздің бюджеттің 122 млн.-дай қаражаты жұмсалуы мүмкін" деді. Ол, сондай-ақ, Үкімет Иракқа бітігершілік күшін аттандыратын болса, бұл шығынның еселейтінін де ескертті.

 

Израил билігінің салық төлеушілердің қаржысын пайдаланғаны әшкере болды

Израил премьер-министрі Биньямин Нетаньяхудің шығындарына мемлекет тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесі көрсеткендей, Израил билігіндегілер салық төлеушілердің есебінен өздеріне жағдай жасап алған. Аудиторлық есепте айтылғандай, ел премьері қарақан басының қамы үшін түрлі шараларды желеу етіп, мемлекет қаржысын теспей сорып келген. Бұл жайында Al Arabiya ақпарат көзі хабар таратты. Десе де, оның үстінен қылмыстық іс қозғап, айып тағатындай деңгейге жете қоймаған. Қалай дегенмен де, «су бетіне қалқып шыққан» бұл жайт үстіміздегі жылдың наурыз айында өтетін сайлау қарсаңында оның беделіне елеулі нұқсан келтіретін болады.

 

Араб елдерінің лигасы Йеменге байланысты шұғыл жиын өткізбек

Араб елдерінің лигасы (АЕЛ) алдағы аптада Йесендегі ахуалға байланысты Мысыр астанасында шұғыл жиын өткізуді жоспарлап отыр. Аймақтық қауымдастықтың бас хатшысы Нәбіл әл-Араби осылай мәлімдеді. Бұл жайында Sky News Arabia телеарнасы хабар таратты.Кеше хабарлағанымыздай, қаазіргі уақытта Йемен билігі шииттік көтерілісшілердің қолына өткен. Дәлірегі, «Аллаһ ансары» қозғалысының жақтастары билік тізгінін өз қолдарына алған. Соңғы уақытта республиканың саяси күштері Біріккен Ұлттар Ұйымының өкілі Жамал бен Омармен жаңа билікті жасақтау жөнінде келіссөз жүргізгенімен нақты бір келісімге келе алмаған болатын. Сенбіде Эр-Риядта өткен төтенше мәжілісте Парсы шығанағындағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше елдердің (Сауд Арабиясы, Кувейт, Оман, Бахрейн, Катар, Біріккен Араб Әмірліктері) сыртқы істер министрлері БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінен Йеменге байланысты арнайы қарар қабылдауды талап еткен болатын. Кеше хабарлағанымыздай, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі қарар қабылдаған болатын. Алайда, АЕЛ-дің қойған талабына кереғар қарар қабылдаған еді. Яғни, АЕЛ талап еткен БҰҰ жарғысындағы жанжалды күш қолдану немесе экономикалық санкция салу арқылы шешуді қарастыратын тармақ бойынша қарар қабылданбады.

0 пікір