Үстеме ақшаны пайдаланбай депозитке ақша жинаса бола ма?
Үстеме ақшаны пайдаланбай депозитке ақша жинаса бола ма?
2 ай бұрын 1986

Ассаламуғалейкум! «Каспий депозитке» ақша жинап, әрине депозитті пайдаланғанымыз үшін процент қосылып отырады, ол жерге түсіп отыратын процентті азайтып тастап, ақшасын пайдалануға болады ма,яғни ақша жинау мақсатында болса, әлде бұл да дұрыс емес пе?

Әлхәмдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Дәстүрлі банктерде (яғни, ислами емес банктер) депозитте ақша жинау, шариғат талаптары тұрғысынан алып қарағанда, күнә. Өйткені, ол жерде (ислами емес банктердегі депозитте) салымшы «өсім жеуші» санатында болады, ал «өсім жеу» Исламда ауыр күнә. Ал «ондағы үстеме ақшаны пайдаланбауыңыз үкімді өзгертпейді» дейді қазіргі дін мамандарының басым көпшілігі. Әрине, "банк берген үстеме ақшаны өзі пайдаланбай, пақырларға садақа етіп беру шартымен депозитте сақтауға болады" деп пікір білдірген дін мамандары болған, алайда олардың бұл тұжырымдары көпшілік ислам ғалымдары тарапынан қолдау көрмеген(1). Ендеше, ақшаңызды депозитте сақтағаннан гөрі, ағымдағы счетта (текущий счет) сақтасаңыз болады немесе алтынмен сақтаған тиымды болуы мүмкін, одан қала берді саудаға салу, ислами банктердегі мудараба, мушарака сауда түрлеріне салып көру т.б. осы сияқты ақшаның құнын жоғалтпай арттырып тұратын адал жолдарды қарастырған абзал. 

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым


(1) Шейх Алләмә Тақи Усмани: "әл-Муъамәләт". 344 бет.