Теңгемен алған қарызды алтынмен қайтару керек дегенді оқыдым, қаншалықты рас?
Теңгемен алған қарызды алтынмен қайтару керек дегенді оқыдым, қаншалықты рас?
1 сағаттан соң 93

Ассаламу алейкум!

Бір сайттан қарызды кешіктіру мәселесіне қатысты бір тақырыпты оқыдым. Онда былай деп жазылған:
«Қарыз берген адам инфляция салдарынан зиян шекпеуі үшін қарызға берілген ақшаның сол күнгі құны алтынмен есептеледі. Қайтарылатын күні де сол алтын өлшемімен есептеліп беріледі». Сонда, егер мен біреуден 2000 теңге қарыз алып, оны уақытында қайтармасам, сол 2000 теңгенің құны алтынмен есептеліп, қайтарылатын сома өседі ме? Мен мұны дұрыс түсіндім бе?

Уағалейкумуссәләм! 

Құрметті сауал жолдаушы! 

Қағида бойынша қарыз қандай валютада алынған болса, сол валютада әрі дәл сол мөлшерде қайтарылуы керек. Мысалы, жүз мың теңге қарыз алынса, жүз мың теңге болып қайтарылады. 

Алайда, қарызды қайтарар сәтте тараптар өзара келіссе, сол соманы қайтаратын күнгі бағам бойынша басқа валютаға ауыстырып қайтаруға рұқсат етіледі. Мысалы, бір жыл бұрын жүз мың теңге қарыз алып, қарызды өтеу күні сол жүз мың теңгені доллар бағамына шаққанда қанша доллар шықса, сол мөлшерде доллармен қайтаруға болады. Бұл жағдайда артық төлем жоқ, өйткені алынған қарыздың нақты құны ғана өтеліп отыр. Сондықтан мұндай жолмен қайтару — рұқсат. 

Ал егер қарыз беруші: «доллар қымбаттады, соған сай артық қайтар» деп талап етсе, бұған рұқсат жоқ. 

Осыған байланысты сауалға жауап ретінде айтарымыз: қарызды қайтару кезінде екі тарап келіссе, алынған соманы сол күнгі бағаммен алтынға шақырып, шыққан мөлшерде алтынмен қайтаруға болады. Мысалы, жүз мың теңгені қайтару күні алтынға айналдырып, қанша грамм алтын шықса, сонша грамм алтын беруге болады. Алайда қарыз алынған сәттен бастап «алтынмен қайтарасың» деп талап қоюға болмайды.

Қарыз мәселесінде мына қағидаларды ескерген жөн:

  • Қарыз қай валютада алынған болса, сол валютада қайтарылады. (Бірақ қайтару кезінде келісім арқылы сол соманы басқа валютаға ауыстырып беруге болады.)
  • Қарыз қанша мөлшерде алынған болса, дәл сол мөлшерде қайтарылады.
  • Қарызды басқа валютада (мысалы, доллармен немесе алтынмен) қайтару туралы алдын ала талап қоюға болмайды.
  • Қарыздың құнын алтынға, долларға немесе басқа валютаға байлауға болмайды(1). Бұл өсімге (рибаға) алып келеді. Мысалы, жүз мың теңге қарыз алдыңыз делік, енді жүз мың теңгенің сол күнгі құны 1,4 грамм алтынға тең деп есептеп, қарызды қайтарғанда дәл сол 1,4 грамм алтынды міндеттеу — кейінгі бағаның өзгеруіне байланысты өсімге себеп болады. Сондықтан мұндай шарт шариғатта харам болып саналады.

1Халықаралық Ислам Фиқһ кеңесі, сегізінші отырыс. Бандар-Сери-Бегаване, Бруней-Даруссалам, 21-27 тамыз 1993 жыл.

Абдусамат Қасым