Тәуліктік пəтерлерде жасалуы ықтимал харам істер үшін иесіне күнә жазыла ма?
Тәуліктік пəтерлерде жасалуы ықтимал харам істер үшін иесіне күнә жазыла ма?
7 жыл бұрын 7875

Сұрағым табыс табу жайында. Қонақүй бизнесі төңірегінде. Субарендаға алынған бірнеше пәтерлер бар... Енді, демалыс күндері әртүрлі адамдар келіп жатады. Олардың арасында зина жасап, спирттік ішімдіктер ішкісі келетіндер де болуы мүмкін екендігі айтпасақ та белгілі. Әйтпесе, тәуліктік пәтерлердің олар үшін не қажеті бар деп ойлайсың. Кейбіреулер жаңа жылға брондап жатады. Мұнда да белгісіз не істейтіндері. Олай болмаса да, алған пәтерлер көбіне еш кіріс әкелмей, босқа тұрып қалайын деп тұр. Әрине, олар үшін мен жауапты емеспін деп айтуға болады. Дегенмен, мұндай да не істемек керек? Қандай шешім қабылдарымды білмеймін: барлық кір әрекеттерді біле тұра осы бағытта триллионер болған артық па, әлде тыныш жүрген абзал ма? – білмеймін. Мүмкін дұрыс жолдарын сілтеп жіберерсіз! Алдын ала рақмет.   

Құрметті сауал қоюшы, мәселенің шариғи үкіміне келсек, кезінде Имам Ағзам Әбу Ханифа тұрғындарының көпшілігі діні бөтен, яғни, «зимми» болып табылатын аймақтарда, үйді шіркеуге не ішімдік сатылатын орынға жалға беруге болады деген тұжырым көлденең тартқан. Өйткені, мұнда жалға беру келісімі күнә жасауға емес, үйді жалға алуға жасалып отыр. Онда харам іс істелген жағдайда күнә жалға алушыға болмақ... Бұл халқының көпшілігі мұсылман емес өлкеге қатысты. Ал, Ислам діні кең етек жайған, мұсылмандар көп шоғырланған жерлерде рұқсат жоқ[1]. Имам Ағзамның екі шәкірті және үш мәзхаб имамдары кейіннен бұндай уәжге қарсы болды. (Зимми: мұсылман өкіметінің қорғауындағы діні бөтен халықтар).

Ұлық Имамның аталмыш тұжырымдамасын «үмүмуль бәлуә» ережесі аясында қарауға болады. Умумуль бәлуә дегеніміз: бойды аулақ ұстау қиынға соғатындай дәрежеде әлдебір мәселенің қоғамда кең етек алуы. Мұндай кездерде дініміз кеңшілік етеді[2].  

Ендеше, күнәнің соңына түскендердің саны күн санап артып жатқан мына заманда (және біздің қоғамда) «пәтерлерді жалға беру харам» деу – осы салада кәсіп етіп жатқан діндарларға қиындық туғызары сөзсіз. Тіпті соңында мүлдем кәсібін тоқтатуға алып келуі де ғажап емес. «Ауырлық емес, жеңілдік қалайтын» дініміз мұндай жағдайларда «маслахату ғамма», яғни, қоғам игілігін негізге алады. Әрине, бұл дегеніміз, харам істер істей беруге болады деген сөз емес. Харам істерді істеу де, оған тікелей себепкерлік ету де харам. Алайда, негізгі бағыты халалға бағытталып, тікелей харам істі тудырмайтын істерді, жанама түрде әрі ғайри ихтияри (ықтиярынан тыс) болып жататын күнәлар үшін харам деуге болмайды.  

Сондықтан да, сіздің жағдайда пәтер жалдаушылардың жасаған күнәлары пәтер иесіне жазылмайды деуге негіз бар. Өйткені, Алла тағала Құран Кәрімде: «...Әркім өзінің істеген күнәларына жауап береді. Біреудің күнәсін біреу көтермейді. Бәріңнің де барар жерлерің Раббыларыңның алды...»[3], - деген. Басқа бір аятта: "Алла пендеге күші жетпейтін нәрсені міндеттемейді", - дейді[4]. 

Ең дұрысы –Аллаға мәлім!


[1] Ибн Ғабидин: Хашия – 9/562-563 беттер.
[2] Мысалы, Исламда бөтен әйелдерге, әсіресе, хижабсыз ашық жүретіндерге қарау - харам. Осыған қарасақ, қазіргі біздің қоғамда көзді байлап жүру керек болар еді. Өйткені, көзді аулақ ұстау мүмкін емес. Себебі, дүкендерде болсын, жұмыс орындарында болсын, қоғамдық көліктер де болсын қарауға тура келетін жағдайлар туындайды. 
[3] Әнғам сүресі,164 аят.
[4] Бақара сүресі, 286 аят.

Абдусамат Қасым