Саудаға байланысты 2 сұрақ
Саудаға байланысты 2 сұрақ
10 сағаттан соң 162

Әссәләму аләйкум, ұстаз! Бір бауырымыз құрылыс саласында еңбек етеді. Еуро жөндеу және басқа да жұмыстар атқарады. Кейде өзіне ұқсас жігіттер келіп, «жұмыс бар ма?» деп сұрайды екен. Сондай кезде ол біреумен 1000 теңгеге келіскен жұмысты басқа біреуге 800 теңгеге істетіп, қалған 200 теңгені өзі алып қалады. Осындай табыс адал ма? Сондай-ақ кейде біреуге жұмыс тауып бергені үшін, өзі сұрамаса да, 5000–10000 теңге беріп жатады. Оны алуға бола ма? – деп сұрайды.

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы! Сауалыңызды екі түрлі түсініп отырмыз:

  1. Ортада делдал болып, бірінші жақпен 800 теңгеге келісіп, үшінші жаққа 1000 теңге деп, арадағы 200 теңгені өзі алса бола ма? 
  2. Біреумен 1000 теңгеге келіскен жұмысты басқа біреуге 800 теңгеге істетіп, қалған 200 теңгені өзі алып қалса бола ма?

Біріншісі - адал емес, арам табыс. Өйткені, мұнда алдау және астыртын пайда көрушілік бар. Бірінші жағдайда сіз делдал үкіміндесіз, делдалдар келісілген бағадан артығын ала алмайды. Сол себепті бірінші жақпен 800 теңгеге келісіп, ал үшінші жаққа 1000 теңге деу, ол - нақақ кісі ақысын жеу боп саналады әрі алдау болып есептеледі. Бұл қасиетті Құранның: «Өз араларыңда мал-дүниелеріңді нақақтан-нақақ (қиянатпен, алдап) жемеңдер!...» - деген аятына қайшы[1]. Сіз екі ортада делдал үкіміндесіз, сондықтан да: «әр клиент тауып бергеніме мынанша ақы аламын» деп, басында ашық келісуіңіз керек, сонда ол адал табыс болады. Сондай-ақ, сізге жұмыс тауып бергеніңіз үшін ақша беріп жатса, ол да адал. 

Екіншісі, ол адал табыс. Өйткені, мұнда жауапкершілік сіздің мойныңызда болады, сондықтан да, бір істі істеуге келісіп, ол істі басқа біреуге арзанға істетуге құқылысыз (егер тапсырыс беруші сізден өзіңіз істеуді талап етпеген болса). Арадағы айырмашылығын өзіңізге ала аласыз. Бұған байланысты Имам Құдури (р.а.) былай деген: «Кімде-кім осы жұмыстардың біріне жалданып, оның өзі істеу керек деген талап болмаса, ол өзі істей алады немесе басқа біреулерді жалдап істете алады...»(2).

Аллаһу аъләм! Әлхамду лилләһил-ләзи ъалләмәнә мә ләм нәъләм!


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 188 аят.
[2]  Имам Құдури: "Шарху мұхтәсариль Кәрхи" - Кітабуль Ижәрат: 

Абдусамат Қасым