Мен Қытайдан көшіп келген азаматпын. Ол жаққа туысшылап ағайын-туғандарға барып жүріп, пәтуасын білуге ділгір болған бір мәселені ұшырастырған едім. Ондағы көне көздер мен қазақ, ұйғыр, дүңгеннен шыққан дін ғалымдары кесімді жауап бере алмай, еліміздегі білімді азаматтардан сұрауымды үш қайтара өтініш етіп еді. Осыған орай, сіздерге хат жазып отырмын. Мәселе былай: Ол жақта сақтандырудың (строхование) мал-шаруашылығына арналған мынадай түрі бар екен. Ірі қара (жылқы, сиыр) және ұсақ малдарды (қой, ешкі) тиісінше сомада сақтандыруға алады. Cақтандыру құны қатты қымбат емес. Жылқы, сиыр - 2000 тг, қой, ешкі - 1000 тг шамасында. Сақтандыруға алған үкіметтік компаниялар мал өлген, жоғалған, ауырған, құлап өлген, апатқа ұшыраған, т.б жағдайларда бауыздалмаған күйіндегі өлексені көрумен ғана төлем төлейді. Бірақ, үкімет малдың сол кездегі нарықтағы бағасынан бір тиын кемітпей төлеп беруде. Ал, бауыздап алса, төлем төленбейді. Жасырып жабатыны жоқ, шалғай өңірлердегі, апат жағдайлары жиі кездесетін орындар мен кездейсоқ жұқпалы індет көп тарайтын орындағы малшыларға (күнкөрісі тек малға иек сүйенген. Тіпті жалғыз ірі қарасы немесе 5-6 тұяқ қой-ешкісіне сүйеніп күнелтіп отырған малшы отбасылар да бар) бұл қолайлы көрінеді. Оған кірмесе бүкіл күнкөрісінен айырылып, тақырға отыруы мүмкін. Сонымен қатар, асыл тұқымды (сүтті немесе етті), бір басы 3-10 мың доллар тұратын малдарды өсіріп, бағымдап отырғандар бар. Ендеше, оларға да пайдалы болып отыр. Ал, осыны сылтау етіп, ауырып немесе құлап өлуге тақағанда да бауыздамай қарап отырып, малды арам өлтіріп, сақтандыру компаниясынан ақшалай төлем өндіріп алатындар да кездесіп жатыр екен. Сақтандырудың дінімізде аса құптала бермейтінін естіп жүрміз. Бұл, қалт-құлт етіп отырған малшы отбасыларына тиімділік әкелгенін көрдік. Бұл мал шаруашылығын қолдаудың мемлекеттік бір саясаты екен. Ендеше, осыдан игіліктенуге бола ма? Малдарды сақтандырып қою ісініде үкіметтен зорлық жоқ, яғни ерікті екенін айта кеткен жөн. Ал, енді бұл сақтандыру түрі Ислам шариғатына қайшы болған жағдайда, осыған дейін сақтандыру суммасын қолына тиігізіп алған отбасылар(малы өліп, соған төлем алған отбасылар) не істейді? Нұрмұхаммед
Сақтандыру жүйесі харам болса, онда малдарды сақтандырудың үкімі қалай?
|
Құрметті Нұрмұхаммед, сақтандыру жүйесінің жалпы алғанда шариғатқа сай келмейтін тұстары бары анық. Сол себепті бұл қызметті ғалымдардың көпшілігі харам дейді. Бірақ мына екі жағдайда сақтандыру қызметін қолдану күнә емес делінген:
- Жергілікті өкімет тарапынан қандай да бір сақтандырудың түрлері міндеттеліп жатса
- Сақтандыру жүйесіне жүгінуге итермелейтін аса қажетті әрі зәру жағдайлар туындап жатса.
Ендеше, өзіңіз айтып отырғандай, апат жағдайлары жиі кездесетін және кездейсоқ жұқпалы індет көп тарайтын жерлерде мал-шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен тек қолындағы қой-ешкісіне сүйеніп күнелтіп отырған жергілікті малшыларға сақтандыру жүйесіне жүгінуге рұқсат деген ойдамыз. Себебі, сақтандыру қызметін қолдануға итермелейтін зәрулік туындап тұр. Бірақ, мұнда да, айлакерлікке, алдау-арбауға бармау керек. Қулық-сұмдықтың қай түрі болмасын шариғатта харам.
Сақтандыру жүйесінің шариғаттағы үкімі жайында қосымша мәліметті мына сілтемеден оқи аласыз - http://islam.kz/kk/questions/sauda-sattyq/saqtandyru-juiesi-haram-ba-376/#gsc.tab=0
Көп оқылғандар
■
Қайтыс болған адамның қырқын қалай есептейді: жамбасы жерге тиген күннен бастап па, әлде қайтыс болған күннен бастап па?
■
Халал ақша бар төлем картасына харам ақша араласса, ол картаны қолдануға бола ма?
■
Темекіге жіберсе, баруға бола ма?
■
Әртүрлі тақырыпқа қатысты үш сұрақ
■
Ажырасқан әйелдер пейіште кіммен бірге болады?