Қолда жоқ тауарды сатуға бола ма? Және тапсырыс берген заты қолға тимей жатып, үшінші адамға сатуға бола ма?
Қолда жоқ тауарды сатуға бола ма? Және тапсырыс берген заты қолға тимей жатып, үшінші адамға сатуға бола ма?
2 жыл бұрын 3819

Сауда мәселесі: Бір затқа тапсырыс бергеннен кейін, ол зат қолға тимей жатып, оны үшінші адамға сатуға бола ма? Екіншісі - қазіргі кезде саудагерлер алдын-ала клиенттерден ақша жинап алып, артынан тапсырыс беріп жатады, бұндай сауда дұрыс па?.. (Жауабы сілтемеде) Әділбек.

Бисмилләһир рахманир рахим. Әлхамдулилләһи раббиль аләмин. Уассәләту уә сәләәму аля расулилләһ!

Ислам сауда-саттық ережесі бойынша, кісі өзінде болмаған затты келесі адамға сата алмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Сенде болмаған затты сатпа!» деген. Бұл жайында Хәким ибн Хизам есімді сахаба былай деп әңгімелейді:  

«Мен Пайғамбарымызға (с.а.у.): «Уа, Расулаллаһ! Маған бір кісі менде жоқ бір затты сұрап келеді. Мен, ол зат менде болмаса да сатып, артынан ол затты базардан сатып әкеліп оған тапсырамын» - дедім. Алла елшісі (с.а.у.) маған: «Сенде болмаған затты сатпа!» - деді» дейді сахаба[1].  

Өзінде болмаған затты сатпаудың өзіндік пайдасы жоқ емес. Сатып қойған затына әлдебір кедергілер себепті қол жеткізе алмай, арты ұрыс-керіске алып келуі мүмкін. Мұндай орынсыздықтар болмас үшін, дініміз алдымен өзі иемденіп, одан соң сатуды бұйырады. 

Өзінде болмаған затты сатпауды сауданың басты негіздерінің бірі ретінде есептейтіндер - көпшілік ғұламалар. Бірақ Ханбали ғалымдары, өзінде болмаған затты сатуға рұқсат берген. Бастысы ол зат «қол жетімді зат» болуы шарт. Мысалы, деректерге қарағанда, Ханбали мәзхабы ғалымдары бойынша, әзірге соғылмаған бір үйді макетіне қарап сатып алуға болады.

Ал егер "сатып алған" затын қолға түсірмей жатып, сатса қалай болады?

Осы орайда, әлдебір затты сатып алғанымен, бірақ оған әлі қолы жетпесе, оны сатуға бола ма, деген сауал ойға оралады. Мұнда да Ислам ғұламалары әртүрлі пікір баян еткен. Ханафи мәзхабы бойынша, жылжымалы мүліктерді қолға түспей жатып, сатуға болмайды. Өйткені, сатушы ол затының аман-есен бұған жететінін білмейді. Мүмкін жол-жөнекей ұры-қарыға жолығып, яки, жол апатына ұшырап, күткен тауары жетпей қалуы ықтимал. Немесе затында кінарат болып, артынан жанжал тудыруы мүмкін. Осы сияқты ықтималдықтар себепті, затты қолға түсірмей тұрып сату дұрыс көрілмеген. Жылжымайтын мүліктерді болса, меншігіне қағаз жүзінде өткеннен соң сата беруіне болады. Бұл Ханафи мәзхабы бойынша. Алайда, Мәлики ғалымдары «азық-түліктен басқасын, қол жеткізбей тұрып, үшінші адамға сатуына болады».   

Осы шағын кіріспеден кейін сіздің жолдаған екі сауалыңызға жеке-жеке тоқталайық:

1) «Тапсырыс берген заты қолға тимей жатып үшінші адамға сатуға бола ма?» деген сауалыңызға екі түрлі жауап беруге болады:

Біріншісі - Ханафи мәзхабы бойынша, тапсырыс берген заты, қолға тимей тұрып үшінші адамға сатуға болмайды. Өйткені, Ханафи мәзхабында «қобд», яғни, сатып алған тауарын меншігіне өткізу шарт, оны қолына түсіруі керек. Тапсырған заты қолында болмай, сатуға болмайды. Алайда, Мәлики мәзхабы бойынша, азықтан басқасын, қолға тимей жатып сатуына рұқсат. Өйткені Пайғамбарымыз (с.а.у.) бір сөзінде: «Кім тағам сатып алса, оған қол жеткізбей, сатпасын» - деген. Мәлики мәзхабында тағамнан өзгесін сатуға рұқсат. 

Екінші жауап – шариғатта «әс-Сәләмуль Муәәзи» (السَلَم المُوَازِي) деген сауда түрі бар. Бұл сауда түрінде кісі «Сәләм» келісімі негізінде, ақшасын алдын ала төлеп, өзіне керек тауарға тапсырыс береді. Одан кейін, өзі тура сол тауарға өзгеден «Сәләм» келісімі бойынша, тапсырыс алады. Бірінші келісім негізінде, ол - тапсырыс беруші клиент орнында болса, екінші келісім негізінде ол - сатушы рөлінде. Екі келісім - бір-бірінен дара, өз алдына бөлек келісімдер. Мұндай келісімге шариғатта рұқсат етілген. (Сәләм келісімі деген, қарапайым тілмен айтқанда – әлдекімге ақшасын алдын ала төлеп, әлдебір затқа тапсырыс беру). Сол себепті, сіздің бірінші сауалыңызды Сәләм келісімінің осы түріне жатқызсақ, ол жағдайда, тапсырыс берген затыңыз қолыңызға тимей тұрып, ол тауарға қатысты үшінші адамнан тапсырыс қабылдай аласыз. Оның діни тұрғыда күнәсі жоқ. Аллаһу аъләм!

2) "Саудагер клиенттерден ақша жинап алып, кейін клиенттердің берген сипаттамасына сай тауарды іздеп, тапсырыс беріп жатады, сол дұрыс па?

Бұл екінші сауалыңызды «әс-Сәләм» саудасы негізінде қарауға болады деген ойдамыз (Аллаһу аъләм). Олай болған жағдайда, бұлай сауда жасаудың ағаттығы жоқ. «Сәләм» саудасына дініміз рұқсат берген. Сәләм саудасы деген не? Сәләм саудасы деген, белгілі сипаттағы тауарға тапсырыс алып, келісілген уақытта сол тауарды тапсырыс берушіге жеткізу. Сәләм саудасында заттың құны алдын-ала төленеді. Әрі тапсырыс берілген заттың сипаттамасы егжей-тегжейлі айтылу керек. Тапсырылған зат нарықта кездесетін тауарлар қатарынан болуы тиіс. Сондай-ақ, затты қолға тапсыратын уақыты белгілі болуы тиіс т.б. осы сияқты Сәләм саудасының өзіндік шарттары бар. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Имам Тирмизи: «Сүнән», 1232; Әбу Дәуід: «Сүнән», 3503; Нәсәи: 4613; Ибн Мәжә: «Сүнән». 2187. Сахих хадис.

Абдусамат Қасым