Қалдырылған кепілпұл (задаток) қайтарылу керек пе?
Қалдырылған кепілпұл (задаток) қайтарылу керек пе?
7 жыл бұрын 7271

Әссәләмуғалейкум! Жамағаттарда сұрақ туындап жатыр еді. Шариғатта «залогтың» үкімі қалай? Мысалы, кез-келген затты сатарда, үй болсын, мейлі, көлік болсын, алушы адам: «ешкімге сатпа мен аламын»- деп, «залогқа» ақша немесе бір бағалы бұйым беріп қояды. Кейіннен залог берген адамның өзі алмайтын болып, айнып қалса, залогқа қойылған зат иесіне қайтарыла ма, жоқ па? Осының жауабын айтып жібересіз бе? Ғабит

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

«Залогты» шариғатта «раһн» дейді. Бұл – қандай да бір затты кепілдікке қалдырып, қарыз алу болып табылады. Ал, сіз сұрап отырған мәселе көбіне кепілпұлға (задаток) ұқсас. Мұны шариғатта: «ъарабуун» немесе «ъурбуун» (عَرَبُونٌ = عُرْبُونٌ) дейді.

Сұрақтағы мəселеге келер болсақ, қалдырылған кепілпұл иесіне қайтарылуы тиіс. Бұл жағдайда сатушы күткендігінің ақысы ретінде кепілпұлды өзіне қалдыра алмайды. Өйткені, бұл жерде берілген кепілпұл - шындап келгенде, күткендігінің ақысы емес, саудаға түскен заттың құнының авансы іспетті саналады. Алушы затты алуға келгенде қалған сомасын төлеп, затты алады. Ал, айнып, затты алмайтын болып шешім қабылдаса, сатушы оның қалдырған кепілпұлын қайтарып беруі керек. Осы орайда, түсініспеушілік орын алмас үшін, алушыға күтетін мерзімін алдын-ала ескерткені жөн. Келісілген уақытқа шейін алушы келмеген жағдайда, затын басқаға сата беруіне құқылы[1].  


[1]Мұндай сауда фиқһ ғылымында «байъуль ъарабуун», яғни, «кепілпұл саудасы» деген атаумен белгілі.  Бірақ, ол сұрақтағы жағдайдан өзгешелеу. Кітаптардағы түсініктемелерге қарағанда, кепілпұл саудасында алушы қандай да бір затты сатушыдан алып (жоғарыда сұрақта зат алынбаған), орнына кепілпұл қалдырады. Егер, алушы затты сатып алуға шешім қабылдаса, тастаған кепілпұлды заттың құнынан шегеріп, қалғанын төлейді. Ал, райынан қайтып, затты алудан бас тартып жатса, кепілпұл сатушыда қалады. Ханафи, Мәлики және Шафиғи мәзхабтарында кепілпұл саудасына рұқсат жоқ. Ханбали мәзхабында, ондай сауда түріне рұқсат етілген. (Әл-Мәсуғатуль Фиқһия – 9/94 бет). 
Қазіргі таңда мәзхаб ғұламаларының уәждерін зерттеп-зерделей келе Ислам фиқһ академиясы «кепілпұл саудасына» рұқсат деген пәтуа берген. Тек, келісім-шартта нақты күту мезгілі көрсетілген болуы шарт.  (Халықаралық Ислам фиқһ академиясы кеңесінің сегізінші отырысы. (1993 ж.). 72 (3/8) қарар). 

Абдусамат Қасым