"Плейстейшен" ойын клубын ашу халал ма, харам ба?
"Плейстейшен" ойын клубын ашу халал ма, харам ба?
1 жыл бұрын 2077

Плейстейшн ойын клубын ашу халал ма харам ба? Футбол ойыны бастаушы болса! Алишер.

Әлхамдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Плейстейшен ойын түрлері бұрын болмаған дүниелерден. Сондықтан да, аят-хадистерде оған қатысты нақты үкімнің болмауы заңды. Алайда, «әл-Асл филь әшия әл-ибаха» деген қағида негізінде егер «харамға» шығарар себептер болмаса, плейстейшен ойынын адал деуге негіз бар. Оның үстіне мұндай ойын түрлері егер адамды сергітіп қана қоймай, адамның ой-пікірін дамуына және ептілігін арттыруына да септігін тигізер болса, қазір дін ғалымдары мубах санаған. Бастысы, намаз оқу, сабақ оқу, жұмыс істеу сияқты жеке міндеттемелерін ұмыттырмауы керек. Ал бірақ, өзара ақша тігіп құмар ойнауға, намазды қаза етуге, боғауыз сөздер сөйлеуге, қиянат, зұлымдық жасау сияқты әбестіктерге алып келер болса, ондай ойындарды ойнау күнә болады.

Тоқ етерін айтқанда, шариғатта құпталмайтын олқылықтар тудырмайтын болса, плейстейшен ойын клубын ашып, ақша табудың күнәсі жоқ, ол да сауданың бір түріне жатады1. Ең дұрысы Аллаға мәлім. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин. 


1Шейх Доктор Али Джума, «Дәруль Ифтә», №5500.

Абдусамат Қасым