Өзгенің жазған мақаласын, еңбегін иемдену күнә ма?
Өзгенің жазған мақаласын, еңбегін иемдену күнә ма?
2 ай бұрын 959

Сәлеметсіздер ме! Сұрайын дегенім, өзгенің жазған мақаласын, жазбасын көшіріп алып, өзіне иемдену қаншалықты күнә шариғи тұрғыда? Ондайға рұқсат бар ма? Арай.

Сәлеметсіз бе, Арай!

Ислам шариғатында әркімнің жасаған еңбегі өзіне тән, оны өзге біреудің иемденуі кісі ақысын жегендік саналмақ. Қазіргі Ислам ғалымдары плагиатты харамға балаған. Өзге біреудің шығармасын, не, жазған еңбегін рұқсатсыз иемденіп, оны өзінікі етіп көрсетуі немесе басқаға телуі Ислам діні бойынша тыйым салынған іс дейді олар. Өйткені ондай қылық:

Біріншіден – елді алдау. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кім бізді алдаса, ол бізден емес» деген. («Сахих Бұхари»).

Екіншіден – біреудің аманатына қиянат жасау. Құранда: «Аманаттарыңа қиянат жасамаңдар!» деп бұйырады. («Әнфәл» сүресі, 27 аят).

Үшіншіден - Ислам шариғаты әрбір жақсы сөзді айтқан адамға, әрбір жақсы ойды оның иесіне тиесілі ету қажеттілігін бекіткен. «Ниса сүресі, 32-аятта былай делінген: «Алла біріңді біріңе артық еткен нәрселерді көксемеңдер. Ерлерге — өз еңбегінен үлес бар, әйелдерге де — өз еңбегінен үлес бар...».

Төртіншіден – Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген: «Өзіне берілмеген нәрсемен мақтанған адам – жалғандықтың екі киімін киген адам секілді!» деді, яғни, өзінде жоқ нәрсемен (мысалы, байлық, білім, мансап т.б.) мақтанып, өзін солай көрсету жалғандықтан киім киген іспетті дейді. («Сахих Мүслім»). Бұған біреудің еңбегін рұқсатсыз иемдену де жатады. 

Бесіншіден – ол да ұрлықы болып есептеледі. Ал Исламда ұрлық жасау ауыр күнә.

Сондықтан да, біреудің жазбасын, мақаласын, еңбегін, шығармаларын, зерттеу жұмыстарын көшіріп алып, оны өзіне телісе, бұл күнә болып саналады. 

Мәселен, Имам Ахмедтің мына бір әңгімесі осы тақырыбымызға әдемі тұздық болады деген сенімдеміз. Имам әл-Ғазалидің риуаяты бойынша, Имам Ахмадтан бір кісі былай деп сұрапты:

«Ішінде хадистер немесе соған ұқсас нәрселер жазылған қағазды біреу түсіріп алса, оны тапқан адам сол қағаздағы хадисті көшіріп алып, содан кейін қағазды иесіне қайтарып берсе бола ма?» – деп сұрайды. Сонда Ол (Имам Ахмад): «Жоқ, (иесінен) рұқсат сұрап, содан кейін ғана көшірсін», – деп жауап беріпті (рахимаһуллаһ)1.

Ендеше, біреудің еңбегін көшіріп алып, өзіне тиесілі ету харам іс екен. Біреудің жазған жазбасынан немесе кітабынан дәйексөз яки мәлімет алған күннің өзінде авторға және оның еңбегіне сілтеме қалдыруы тиіс. Ал өзі жазған сияқты көрсету нағыз ұрлық, кісі ақысын жегендік болмақ. Өкінішке орай, қазіргі таңда біреудің жазған жазбасын рұқсатсыз көшіріп алып, оның бір-екі сөздерін өзгерте қойып, өзіне тиесілі етіп алатындар жоқ емес, ал авторға сілтеме бермей, тіпті есімі жазылып тұрған автор есімін өшіртіп тастайтын кейбір «авторларды» естіп жатамыз. Ақыреттен үміті бар адам үшін, бұл – өрескел қате, о дүниеде сұрауы бар қиянат іс. Аллаһу аъләм! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 

1Доктор Хисәмуддин Ъафана: «әл-Фәтәуә».

Абдусамат Қасым