Мешітті сатуға бола ма?
Мешітті сатуға бола ма?
5 жыл бұрын 3810

Мешітті сатудың үкімі қандай? Егер, мешіт орналасқан аймақтан мұсылмандар көшіп кетіп, мешіттің күйреп, қирауынан немесе оған әлдебіреудің қол салуынан қауіптенсе.. Көбінесе мұсылмандар бір үйді сатып алып оны мешітке айналдырады. Алайда, қандай да бір жұмыс жағдайлармен мұсылмандардың көпшілігі басқа жаққа көшіп кеткен кезде мешіт қараусыз қалады. Сондай кезде оны басқалары иемденуі мүмкін. Сондай жағдайларда оны сатып, орнына мұсылмандар шоғырланған жерде басқа бір мешіт соғуға мүмкіндік болып жатады. Бұған шариғат не дейді? Немесе басқа бір мешітке ауыстырудың мүмкіншілігі болмаса, мешіттің ақшасын жұмсауға болатын ең абзал жолы қайсы? (Сатылған мешіттің ақшасын қайда жұмсауға болады?)

(АҚШ мемлекеті мұсылмандары).  

Батыс елдеріндегі мұсылмандардың намаз оқитын жерлері екі түрлі болып келеді:

Біріншісі – мұсылмандардың фиқһи мағынадағы «мешіт» ретінде емес, жай ғана намаз оқитын орын ретінде және діни жиналысқа жиналатын орын ретінде ұстап, сол мекемені немесе ғимаратты мешіт секілді уақф еткен (Алла жолында мұсылмандардың игілігіне тапсырған) жерлері. Сондықтан болар, ондай жерлерді «Ислам орталығы» немесе «намазхана», яки «жамағаттың үйі» деп атап, бірақ «мешіт» деп атамаған.

Мұндай орындардың мәселесі қиын емес. Шешімі оңай. Өйткені, ол жерлер намаз оқу үшін қолданатын болса да шариғи тұрғыда мешіт болып саналмайды. Өйткені, оның иелері ол орындарды «мешіт» етіп жасамаған. Сондықтан, олардың ол орындарды мұсылмандардың игілігі үшін қашан сатам десе де, рұқсат. Мұнда «ижмә» бар.

Екіншісі – мұсылмандардың шариғи мағынада «мешіт» етіп ұстап (соғып), жерін мешіт секілді «уақф» еткен орындар.

Мұның үкіміне келсек, фиқһ ғұламаларының көпшілігі бойынша, ол мекен ақыр заманға дейін мешіт болып қалуы тиіс. Оны қандай жағдайда да сатуға болмайды және ешқашан оның иелігі «уақф» етуші адамның меншігіне қайтып өтпейді.

Бұл – Имам Мәліктің[1], Имам Шафиғидің, Имам Әбу Ханифаның және Имам Әбу Юсуфтың мәзхабы (яғни, аталмыш ғұламалардың ұстанған тұжырымы). Алла оларды рахымына бөлесін!...

Ханафи фиқһ кітаптарынан саналатын «әл-Һидая» кітабында былай делінеді:

«Кім жерін мешіт ретінде тапсыруға шешім қабылдаған болса, шешімін бұзуына болмайды, ол жерді сатуына болмайды және ол жерді мұра ретінде беруіне болмайды. Өйткені, ол жер құл ақысынан босап, тек қана Аллаға арналып отыр. Себебі, барлық нәрселер Алланың иелігінде. Пенде өзіне берілген ақысынан (меншігінен) шығарып (Алла жолына тапсырғаннан) соң, ол нәрсе бастапғы негізіне қайтарылады. Сөйтіп, пенденің оны еркін түрде қолдану құқы тоқтатылған болады. Құлды азат еткеннің үкімі сияқты. Егер, мешіттің айналасы бұзылып керексіз күйге айналса да Имам Әбу Юсуф пікірі бойынша, ол жер мешіт ретінде қала бермек. Өйткені, ол - мешіттің бір бөлігі. Оның иелігі бұрынғы иесінің меншігіне қайта оралмайды»[2].

Бірақ, Имам Ахметтің мәзхабы бойынша: «егер түбегейлі қажетсіз күйге айналса, мешіттерді сатуға болады (яғни, мешітті ешкім қажетсінбесе, сатуға болады). Бұған қатысты Ибн Құдаманың «әл-Муғни» атты еңбегінде былай деп келтірілген:

«Егер, уақф етілінген нәрсе қираған үй сияқты бұзылып, пайдаға аспайтын күйге айналса, немесе жер бұзылып, ол өлі жерге айналса және ғимарат көтеру мүмкін болмаса, яки ауыл жұртшылығы көшіп кетіп, мешітте намаз оқитын адам қалмаса, не болмаса, мешіт жамағатқа тарлық етіп, оны сол орнында кеңейту мүмкін болмаса, барлық жері тарам-тарам жарылып, бәрін не кейбір бөлігін соғу, тек басқа бір жерін сатумен ғана жүзеге асыруға болатын болса, ондай жағдайда, қалған жерлерін қалпына келтіру үшін кейбір бөлігін сатуға болады. Егер, оның ешбір жері пайдалануға келмейтін болса, бәрін сатуға болады»[3].

Және бір үшінші тұжырым тағы бар, ол – Имам Мұхаммед ибн Хасан әш-Шәйбәнидің тұжырымы (Әбу Ханифаның шәкірті). Оған қарағанда, егер уақфқа берілген жер толықтай қажетсіз күйге айналса, ол уақф етушінің иелігіне немесе ол өлгеннен кейін мұрагерлерінің иелігіне қайтады[4]... Осыған қарағанда, ол мешіт уақф етушінің меншігіне оралған болса, оған оны сатуға рұқсат етілмек.

Мешітті сатуға болмайтындығына және уақф етушінің (бұрынғы қожайынның) меншігіне қайта оралмайтындығына байланысты Ислам ғалымдарының көпшілігінің сүйенген дәлелі - Алла елшісінің (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) заманындағы Әзіреті Омардың Хайбардағы жерін уақф ету оқиғасы. Ол риуаятта жерді уақф етудің шарттары былай баяндалған: Жердің негізі сатылмайды және сатып алынбайды, мұра ретінде және сыйлық ретінде берілмейді. (Екі шейх риуаят еткен)[5]...

Бұл мәселедегі көпшілік ғұламаларының сүйенген ең қуатты дәлелі Алла Тағаланың мына бір сөзі: «Шынында мешіттер – Алланікі»[6], деген аят... Ибн Жәрир әт-Табари өзінің «тәпсірінде» табиғин Икриманың «Шынында мешіттер – Алланікі» деген аятқа: «Мешіттердің бәрідерлігі Алланікі» деп түсіндірме бергендігін келтірген[7]...

Өздеріңіз көріп тұрғандай, бұл мәселеде ең дұрыс жол – көпшіліктің ұстанған жолы. Яғни, мешіт ретінде орныққаннан кейін, оны сатудың қажеті жоқ. Әйтпесе, мешіттер де қалаған кездерінде сата салатын христиандардың шіркеулері сияқты болар еді. Бірақ, бұл мәселе – талқыланған тақырып (ижтиһад етілген тақырып) болғандықтан, әр тараптың Құран-хадистен өзіндік сүйенген дәлелдері бар. Сондықтан да, кәпірлердің мешітке басқыншылық жасауынан қауіптенсе және айналасындағы жұрттар көшіп кетіп, ол мекенге мұсылмандардың қайтып оралуы неғайбыл болса, онда мұндай аса зәру жағдайларда, Имам Ахмад пен Имам Мұхамметтің (рахимаһумаллаһ) тұжырымын алудың ағатты болмас. Олай болған жағдайда, мешіттің ғимараты сатылып, оның ақшасы басқа бір мешіттің құрылысына жұмсалады. Осы тұрғыда, одан түскен ақша мешіт құрылысынан өзге нәрсеге жұмсалмауы тиіс. Ханбали фиқһ мамандары бұл жайында кітаптарында ашық баян еткен[8]...

Шынында, бұл саудаға (мешіт саудасына) – мешіттің айналасындағы барлық (мұсылман) тұрғындар көшіп кетіп, қайта оралулары неғайбыл болған кезде ғана жүгінуге болмақ. Ал, жергілікті тұрғындардың көпшілігі көшіп кетіп, бірақ кейбір (мұсылман) тұрғындар көшпей қалып қойған жағдайда, ондағы мешітті сатуға жол жоқ. Бұған байланысты (мешітті сатуға рұқсат дейтін) Ханбали мәзхабы ғұламалары да кітаптарында ашық айтып кеткен[9]... 

Шейх Мұхаммед Тақи әл-Усмәни,
«Бухус фи Қадоя Фиқһияти Муъасыйра».
(Ықшамдап алынды).

Араб тілінен аударған: А. Қасым.


[1] Әл-Мууақ: Тәж уә Әл-Иқлил. Биһәмишил Хитаб.
[2] Әл-Һидая маъа фәтхил қадир. 5/446 бет.
[3] Ибн Құдама: әл-Муғни маъаш шархиль кәбир. 6/225 бет.
[4]Әл-Һидая және оның шархы «Фәтхуль Қадир». 5/446 бет.
[5] Имам Бұхари: Сахих Бұхари, Китабуш шурут; Имам Мүслім: Сахих Мүслім, «Китаб әл Уасия». Абдулла ибн Омардан жеткен.
[6] Жын сүресі, 18 аят.
[7] Тәфсирут Табари: 29/117.
[8] Ибн Құдама: әл-Муғни. 6/228 бет.
[9] Ибн Құдама: әл-Муғни. 6/227 бет.