Күріш сатушысынан күріш жармасын алып, оны сыра зауытына өткізсе, сатушыға да күнә жазыла ма?
Күріш сатушысынан күріш жармасын алып, оны сыра зауытына өткізсе, сатушыға да күнә жазыла ма?
7 жыл бұрын 3569

Әссәләмуғалейкум! Сұрағым:  Біздің отбасылық бизнесіміз бар. Күрішті көтермелеп (оптом) сатамыз. Камаздап алматыға жібереміз. Күріш жармасын (сечка), күріштің майдасын кейде тапсырысқа қарай жібереміз. Олар бізден жарманы алып, сыра зауытына өткізеді. Осы сауда харам бола ма?  Әкем сыра зауытына бермейді. Клиенттері «20 тонна жинап бер» дейді. Олар оны алып, зауытқа, әсіпханаға, әскерге, балабақшаға т.б. сол сияқты жерлерге клиенттер өткізеді. Солардың ішінде сыра зауытқа да өткізетін кездері болады. Енді әкемнің осы саудасы харам бола ма? Ерболат.

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сіз айтып отырған мәселеде күріш сатушысына күнә жазылмайды. Күріш саудасы - адал сауда әрі бұл жерде күріш сатушы кісі тікелей харам іске себепкер болып отырған жоқ. Ал, әлдекім одан күріш жармасын сатып алып, кейін оны сыра зауытына ақыға өткізіп жатса, күнә күріш сатушысына емес, зауытқа өткізген адамға болмақ[1].  


[1] Осы орайда, мәлімет ретінде айта кетелік. Кезінде Мәлики, Шафиғи және Ханбәли мәзхаб ғұламалары шарап жасаушыға біле тұра жүзім сатуды күнә санаған. Олай деушілердің арасында Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед те бар (р.анһум). Себебі, мұнда күнәға жәрдем етушілік орын алып отыр.
Алайда, Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) көпшіліктің пікіріне кереғар пікір білдірген. Оның ойынша, жүзімді немесе жүзім шербетін шарап жасаушы адамға сату күнә емес. Өйткені, жүзім де, шербет те адал зат. Ол екеуін сатқан адамның көздегені адал тауарды сатып, табыс табу ғана. Күнә - шарап жасау үшін алған адамға болмақ. Оның үстіне, жүзім мен шербетте тікелей харам іс тудырар сипат жоқ. Яғни, жүзімді жеп, шербетті ішкен адам мас болмайды. Сондықтан да, ол екеуін сату күнә емес. Күнә - ол екеуін өзгертіп, шарап жасаған адамға болмақ. Дегенмен, Имам Ағзамның аталмыш тұжырымдамасына түсініктеме берген кейбір Ханафи ғалымдары: бұл мәселеде шарап жасаушының кәпір не мұсылман болуына қарай үкім өзгереді деген. Дәлірек айтқанда, егер, шарап жасаушы мұсылман болса, оған біле тұра жүзімнің шербетін сату - харамға жақын мәкруһ. Ал, мұсылман болмаса, Имам Ағзам айтқандай, сатудың күнәсі жоқ. (Имам Сәрәхси: Мәбсут; Ибн Ғабидин: Хашия.).  

Абдусамат Қасым