Күйеуім кредит алып бер дейді, күнәсі кімге болады?
Күйеуім кредит алып бер дейді, күнәсі кімге болады?
4 ай бұрын 1047

Сәлеметсіздер ме! Кредит алу күнә екенін білемін. Бірақ күйеуім кредит алып бер деп қоймай жүр. Менің атымнан кредит алмақшы. Егер алып берсем күнә маған да жазыла ма? Анон.

Сәлеметсіз бе!

Кредит алмауға құқылысыз. Оған күйеуіңіз мәжбүрлей алмайды. Шариғатта күйеуіңізге бағыну керексіз, бірақ дінге қайшы істе емес. Дінге қайшы істе бағынбауға болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өзінің асыл сөзінің бірінде: «لا طاعةَ لمخلوقٍ في معصيةِ الخالقِ» деген. Оның мағынасы: «Жаратушыға қарсы істе, жаратылғанға бағыну жоқ!»1. Кредит алу дінімізде күнә іс. Кредитті тек аса зәру жағдайда ғана алуға рұқсат (мысалы, ота жасау керек болып ақша табылмаса т.б.), ал жайшылықта кредит алу ауыр күнәлар қатарынан саналады. Сондықтан да, зәру нәрсеге болмаса, кредит алып бергеніңіз үшін сіз де белгілі дәрежеде күнәға ортақтасқан боласыз. Құранда: "Күнә мен дұшпандықта бір-бірлеріңе жәрдемдеспеңдер!" - деп бұйырған. Сол себепті, еріңізге түсіндіріп, ол талабын орындай алмайтыныңызды айтыңыз. Кредиттің басы тәтті, аяғы ащы.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Имам Бәғәуи: «Шәрхус сүннә». Сахих.

Абдусамат Қасым