Кредитке алынған заттар харам ба? Олардың жанында дұға қабыл болмай ма?
Кредитке алынған заттар харам ба? Олардың жанында дұға қабыл болмай ма?
7 жыл бұрын 12287

Біздің үйде кредитке алынған заттар бар. Бір оқығаным бар еді, харамнан тапқан жіп бөлмеде тұрса дұға қабыл болмайды дегенді... Бауыржан.

Жалпы кредит мәселесі шариғатқа сай емес. Соның ішінде несиеге зат алу банк арқылы болғандықтан арада өсім жеушілік орын алып отыр. Сондықтан да, аса зәру, шарасыз жағдайда болмаса, несиеге зат алмаған жөн. Құранда: «Шын мәнінде сендерге Алла харам еткен нәрселерді ашық баян етті. Бірақ егер шарасыз болсаңдар ол басқа», - делінеді[1].  

Дегенмен, бұған қарап кредитке алынған заттарды жаппай харамға шығаруға болмайды. Неге десеңіз, заттың өзін алып қарағанда - халал зат (мысалы, компьютер, мұздатқыш, газ плитасы, шаңсорғыш т.б.). Несиеге алынғандығынан харам үкімін алмайды. Мұны ұрлықы затпен немесе зұлымдықпен, тартып алынған заттармен салыстырмау керек. Ханафи ғалымдары харам ақшаға алынған зат пен ұрлықы және зұлымдықпен алынған заттар арасын бөліп қараған.  

Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай дейді:

«Азық-түлікті немесе киім-кешекті жеке алып қарағанда харам ақшаның өзі емес. Сондықтан да, сол ақшамен алынған асты ішіп-жеу – халал»[2].

Ендеше, аталмыш жолмен алынған заттар тұрғанда дұға қабыл болмайды деу негізсіз.

"Ынталы жүрек, шың көңіл. 
Өзгесі хаққа жол емес" деп, Абай атамыз жырлағандай, шын көңілмен және сене отырып дұға жасасаңыз Алла қабыл етері сөзсіз.  

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әнғам сүресі – 119 аят.
[2] Ибн Ғабидин: Хашия – 9/554. 

Абдусамат Қасым