Ассаляму алейкум! Хиджама жасап, ақша табуға бола ма? Имам Мүслимде үш түрлі адамның кәсібінен тапқан ақшасы арам екені айтылған. Соның бірі хижама жасап, ақша табу. Бұны қалай түсінуге болады? Нұрлыбек.
Хижама жасап ақша табуға бола ма? Кей хадисте хижамадан түскен табысты арам деген.
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Хижама жасап тапқан ақша адал табыс. Бұған байланысты сахаба Абдулла ибн Аббас (р.а.):
«Алла елшісі өзіне хижама жасатып, жасаған адамға ақысын берді. Егер харам болғанда ақысын бермес еді» - деген1.
Және де Әзіреті Әли былай деген:
«Пайғамбар (с.а.у.) хижама жасатып, кейін маған хижама жасаушыға ақысын беруімді бұйырды»2.
Осы хадистерден хижама жасау арқылы тапқан ақшаның адал ақша екендігін ұғынамыз. Егер арам табыс болғанда Алла елшісі бергізбес еді.
Ал «Хижамадан тапқан табыс арам» деген мағынадағы хадистердің үкімі жойылып, мәнсұх болған дейді ғалымдар, яғни, ондай хадистермен амал етілмейді. Ханафи ғалымы Бәдруддин ал-Айни (р.а.) бұған байланысты: «Хижамадан тапқан табысты арам дейтін хадистердің үкімі жойылған» деген3.
1 Имам Бұхари: «Сахих Бұхари», №2103 хадис.
2 Имам Ахмед: «Мүснәд», 693.
3 Бәдруддин ал-Айни: «әл-Биная».