Дінімізде аукцион арқылы тауар сатуға бола ма?
Дінімізде аукцион арқылы тауар сатуға бола ма?
7 жыл бұрын 3814

Ассалаумағалейкум! Бәссаудаға (аукцион) қатысты дініміз не дейді екен? Бұған рұқсат па? Жандар.

Уағалейкумуссалам! Жандар мырза, аукционмен тауар сату шариғатқа қайшы емес. Себебі, Пайғамбарымыздың да тауарды саудаға салғаны туралы хадистерде айтылады. Имам Тирмизидің «Сүннәнінда» (хадистер жинағы) орын алған бір риуатта сахаба Әнәс ибн Мәлик былай дейді:

«Ердің тоқымы мен су ішетін ыдысты саудаға салды. Ол (с.а.у.) жұртқа: «Кім мына тоқым мен су ішетін ыдысты сатып алады?», – деді. Сонда бір кісі: «Ол екеуін бір дирхамға аламын», – деп ұсыныс білдірді. Алланың Елшісі: «Бір дирхамнан артық беретін кісі бар ма? Бір дирхамнан артық беретін кісі бар ма?», – деп (екі қайтара) сұрады. Сонда басқа бір адам екі дирхам беретінін айтады, Пайғамбарымыз соған сатады»[1].  

Міне, осы оқиғадан біз "аукцион" тәсініліне дініміз рұқсат беретіндігін байқаймыз.

Тек ескеретін жәйт: бәссауда әділ өтуі қажет. Сондай-ақ, мынадай оғаш әрекеттерге де жол берілмеуі шарт:

  1. Сауданы жандандыру мақсатында, әлдебіреу сатып алмаса да тауарға артық құн беру арқылы өзге алушылардың көтеріңкі баға ұсынуларын қамтамасыз ету[2].
  2.  Және тауарды алмаса да, өтіріктен затқа таң қалып, оның кереметтігінен хабардар адамша ерекшеліктерін асыра мақтап, осылайша алушылардың қызығушылығын арттыру.
  3. Бәссаудаға ұсынылатын тауардың иесі немесе оның өкілі  яки арадағы делдал баға қоюшыға заттың негізгі бағасын көтермелеп көрсетулері 
  4. Теледидар арқылы не радио, яки, әлеуметтік желілер арқылы затты жарнамалайтын кезде асыра мақтап, халықтың қызығушылығын арттыру мақсатында шындыққа жанаспайтын сипаттамалар тағып, жалған ақпараттар тарату[3].

Затты алмаса да алатын адам ұқсап көтерінкі құн ұсынуды шариғатта «ән-нәжс» дейді. Айлакерліктің бір түрі. Сахаба Абдулла ибн Омардың р.а.: «Пайғамбарымыз (с.а.у.) «ән-нәжс» әрекетінен тыған тұғын», - деген риуаяты бар[4].


[1] Тирмизи сүнәні: әлбайғу мән иязид, №1218-хадис: Осы риуаттың басқа нұсқасында Пайғамбарымыздан бір кісі садақа сұрап келеді».
[2] Әл-Кәсәни, Бадаиғ – 7/214 бет. 
[3] Ислам Фиқһ ұйымы. 1414 х/1993 м.ж., Бруней-Даруссәләм, VIII-мәжіліс.
[4] Сахих Бұхари: Китабуль Буюғ; Ибн Мәжә, Китабут-Тижара, 2173-хадис. Мәлімет ретінде айта кетер болсақ, Ханафи ғалымдары саудадағы «нәжс» тәсілін тауардың негізгі бағасынан қымбатырек сату мақсатта қолданса «харамға жақын мәкруһ» болады, ал, алушы негізгі бағасынан да төмен бағаны ұсынып тұрса, онда басқа біреудің ол тауарды алмаса да «негізгі бағасына» шейін көтермелеу үшін «нәжс» тәсіліне жүгінуге рұқсат деген. Негізгі бағасынан жоғары сату мақсатында ондай әрекет жасау – күнә. 
(Ескерту: Жоғарыда ұсынылған материал 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның редакцияланып, қайта жарияланған түрі).

 

Абдусамат Қасым