Дінде сыйлық пен параның айырмашылығы қандай? Аражігін қалай ажыратуға болады?
Дінде сыйлық пен параның айырмашылығы қандай? Аражігін қалай ажыратуға болады?
2 ай бұрын 1116

Ассаләмуғалейкум! Дінде сыйлық пен параның айырмашылығы қалай? Аражігін қалай ажыратуға болады? Ернар.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы!

Исламда пара алу қалай харам болса, пара беру де соншалықты харам іс. Хадисте: «ар-Раший уәл-Мүртәший фин-Нар» делінген. Оның мағынасы: «Пара алушы да, пара беруші де тозақта» дегендік. Алла елшісінің (с.а.у.) аталмыш хадисіндегі «тозақта» деген сөзінен аталмыш іс-қимылдың харам екенін ұғамыз.

Алайда, сыйлық беру де сауап саналатындығы мәлім. Алла елшісінің көптеген хадистерінде өзара сыйлық берісіп, сыйлық алысудың артықшылығын баяндап өтілгендігі де көпшілікке белгілі. Осы екі дүниенің айырмашылығы неде? Қалай ара жігін ажыратуға болады?

Бұған қатысты дін ғұламаларының «Қызметкерлерге сыйлық берудің үкімдері...» атты еңбекте былай деп біздерге қарапайым түрде ара жігін айырып береді:

«Екеуінің айырмашылығы көп, бірақ маңызды айырмашылықтары бесеу» дейді ғұлама. Олар:

Біріншісі: Сыйлық – Шариғат иесінің бұйырып, соған ынталандырған амал. Ол - адал дүние. Пара – Шариғат иесінің тыйған амал. Ол – арам табыс.

Екіншісі: Сыйлық – ешқандай шарт қоспай беріледі. Ал пара – шартпен беріледі. Оның өтемі заңсыз бір істі істеу болуы мүмкін немесе белгілі міндеттемені орындау болуы мүмкін т.б.

Үшіншісі: Сыйлық – жақын адамға, көршіге немесе досқа сүйіспеншілік пен мейірімділік таныту мақсатында беріледі. Немесе жасаған жақсылығын қызметі болғаны үшін емес немесе жеке міндеттемесі болғандығы үшін емес, былай жақсылық жасаған адамға, ризашылығын танытып өз еркімен құрмет көрсету ретінде беріледі сыйлық. Ал пара – әлдекімге жақын болу үшін немесе жалған (бұрыс) істерде қолдау табу мақсатында берілетін нәрсе.

Тәпсірші ғалым, Имам әл-Бағауи былай деген:

«Пара беруші өзіне тиесілі емес нәрсеге қол жеткізу үшін береді. Немесе өзіне жүктелген міндеттен босатылу үшін береді. Ал алушы өзіне жүктелген міндетті тек пара алғанда ғана орындайды, немесе өзі тастауға міндетті болған теріс істі тек сол (пара) арқылы ғана тоқтатады»1.

Мысалы, жұмысқа орналастыруға жауапты адамға, жұмысқа лайықты басқа үміткерден бұрын өзін ерекшелендіріп немесе өтініш беру уақытын алға жылжытып, жұмысқа алуы үшін ақша беруі. Немесе мемлекеттік қызметтегі, не, жеке адамның қызметіндегі біреу өзінің мойнындағы бір лауазымдық міндеттемесін өзгеге орындатып, соның өтемі ретінде ақша беруі: мәселен, қызметіне қатысты маңызды лауазымдық міндеттемесін орындап бергендігінің сый ақысы ретінде бір жұмысшыға немесе бір қызметкерге ақша беруі осыған мысал бола алады2.

Төртінші: Сыйлық – ашық, жария түрде жасалады және ол жомарттыққа, кеңпейілділікке, дархандыққа және шын көңілге негізделеді. Сыйлық беруші де, алушы да мақтауға лайық және оған береке тілейді. Ал пара – жасырын жасалады әрі сараңдық пен міндетсінуге негізделеді, әрі көбінесе шын көңілден берілмейді. Оны беруші де, алушы да сөгіске ұшырайды, сөйтіп оның берекесі жойылады3.

Бесіншісі: Пара беру немесе пара беруді талап ету (яғни, мұнша бересің деу) – істелуі керек шаруадан бұрын беріледі, яғни, қажетті іс жасалмай тұрып беріледі және шарт қойылады. Ал сыйлық – істелген істен кейін беріледі4.

Қорытындылай келгенде, сыйлық пен параның арасы жер мен көктей. Сыйлық – таза ниетпен, риясыз көңілмен, ешқандай шартсыз берілетін адал дүние. Ол – сүйіспеншілік пен құрметтің, жақсылық пен жомарттықтың көрінісі. Ал пара – пайда іздеп, бір нәрсені алу үшін немесе тиісті міндеттен қашу үшін, шартпен берілетін арам табыс. Сыйлық ашық түрде, шын көңілмен жасалса, пара көбіне жасырын, есеппен беріледі. Сондықтан сыйлық – береке мен бірліктің бастауы болса, пара – әділдік пен сенімге сызат түсіретін, кісі ақысын жеуге жетелейтін кесапат іс. Дініміздің оны харам етуі де сондықтан.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1«Шарх ас-Сунна».
2«әл-Хауи әл-Кабир».
3 «Фатх әл-Бари» 5/221.
4 «әл-Хауи әл-Кабир»; «Фатх әл-Бари».

Абдусамат Қасым