"Cashback" қызметі адал ма?
"Cashback" қызметі адал ма?
7 жыл бұрын 8196

Ассаламуалейкум! 'Cashback' деген қызмет бар банктерде. Ол кез-келген нәрсені сол банктердің карточкасы арқылы сатып алсаңыз, сізге сол нәрсеге құртқан ақшаңыздан 1-5% аралығында ақшасын бонус ретінде қайтарады. Бұл қызмет кәзіргі кезде заправка, киім сататын және т.б жерлерде де бар. Осы қызметке шариғи үкім қалай? Сол бонус болып түскен ақшаны қолданса бола ма? Тәуекел.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

'Cashback' – ағылшын тілінен аударғанда «ақшаны қайтару» деген мағынаны білдіреді. Аталмыш қызмет түрі өзіңіз айтып тұрғандай банк карталарында, интернет-магазиндерінде кездеседі.  Бүгінде арнайы кэшбэк-порталдары жұмыс істеуде. Кэшбек-порталдары арқылы әлдебір интернет дүкеннен тауар алып, төлем жасағаныңыз үшін портал иесі сізге белгілі мөлшерде «бонус» төлейді. Мұның шариғи тұрғыда ешқандай ағаттығы жоқ. Бұл шариғаттағы «симсар» жүйесіне көбірек ұқсас. Тек айырмашылығы - бонуста. Бұл - портал қолданушысын жігерлендіру үшін қажет.

Екінші түрі, банк карталарындағы кэшбэк қызметі. Кэшбэктің бұл түрін өсімге жатқызған кей дін мамандары бар. Олай деуінің төркіні мынада жатса керек : Карта қолданушысының картадағы ақшасы – банкке берілген қарыз іспетті. Ендеше, ол қарыз беруші рөлінде бола тұра, банктен қарыз үстінен қосымша сыйақы алып отыр. Қағида бойынша: қарыз беруші берген қарызынан пайда көрер болса, онысы – өсім болмақ». Аллаһу аълям. 

Дегенмен, төлем карталарындағы мұндай қызметті – электронды төлемнің бір түрі ретінде санап, ондағы сыйақыны карта арқылы сауда жасауға жігерлендіру екендігін негізге алған мамандар, кэшбэк сыйақысының халал екендігін ашық айтқан.

Сондай-ақ, үшінші түрі, төлем карталарынан бөлек, сауда орталықтарында, ойын-сауық орталықтарында, жаңармай бекеттерінде т.б. берілетін арнайы дисконттық карта қызметі тағы бар. Бұл карталардың айырмашылығы, тауар аларда немесе қызмет түрін қолданарда карта иесіне белгілі мөлшерде жеңілдік тануға негізделген. Шариғатқа қайшы емес.

(Қосымша мәлімет: Төлем карталары жайында шариғат не дейді?)

Абдусамат Қасым