«Біздің қоғамда такси жүргізушісі болып жұмыс істеуге бола ма? Тәксиге арақ ішіп мінетіндер бар»
«Біздің қоғамда такси жүргізушісі болып жұмыс істеуге бола ма? Тәксиге арақ ішіп мінетіндер бар»
2 жыл бұрын 2390

Әссалямуъалейкум! Мен таксист болып кызмет аткарам. Кейде колында арағы, пивосы бар адамдар мінеді мен не істеуім керек?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Такси жүргізушісі болып жұмыс істеу адал табыс. Алайда егер әлдебір клиент харам істер жасалатын жерге апаруға тапсырыс берсе, бармаған абзал, басқа клиентті көрген дұрыс. Мысалы, шарапхана, казино т.б. харам нәрсе істелетін жерлерге берілген тапсырыстарды қабылдамаған жөн. Ал, сұрақта сұралғандай, қолында бөтелкесі бар клиенттер мінген жағдайда, егер насихат тыңдайтындай күйде болса, мүмкіндікке қарай арақ ішудің ауыр күнә екендігін, о дүниеде жазасы ауыр екендігін және таксиде арақ ішуге болмайтындығын айтып ескерткен абзал, тіпті мүмкін болса «таксиде арақ ішуге болмайды» деген жазу іліп қойса да артық болмайды. Ескермегендердің күнәсі өзіне. Сізге айту парыз.

"Не істеуім керек?" дегеннен шығады, ертеректе өмір сүрген Ханафи ғалымы Әбу Ләйс әс-Самарқанди (рахимаһуллаһ) ондай мәселеге байланысты былай деп жол көрсеткен:

Бір кісі әлдебір ұнамсыз (күнә іс) көрсе, былай істесін:

  • Егер күнә істеушіні күнәдан тыйған жағдайда, ол оның тыйымына құлақ асатындығын біліп тұрса, үндемей қалуы дұрыс емес. Ондай жағдайда оған қызбаланбай, оны қас көрмей, жұмсақтықпен, насихат айта отырып ескерту айтқаны жөн.
  • Егер ондай істі істеушілер мұның ескертуіне құлақ аспайтындай халде болса, онда оған үндемей қоя салуына рұқсат. Әйтсе де, күнә екенін ескертіп, тыйым айтуы абзалырақ, ол үшін сауап алады.
  • Ал егер, күнә істің күнә екен айтып, ондай істен тыйған жағдайда, олар бұған тіл тігізетіндей немесе қол жұмсайтындай атмосфера болса және олардан келуі ықтимал зияндыққа төзе алмауынан қорықса, үндемей, оларды өз халдеріне қалдырғаны абзал.
  • Ал бірақ, олардан келуі мүмкін зияндыққа шыдаймын деп, ештеңеге қарамастан істеп тұрған күнә істерінен тыйса, ол адам Пайғамбарлардың (عليهم السلام) ісін істеген болады1.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Әбу Ләйс әс-Самарқанди: «Ъуюниль Мәсәил». 220-221 бет.

Абдусамат Қасым