Берген қарызының қайтару уақытын белгілеу күнә ма?
Берген қарызының қайтару уақытын белгілеу күнә ма?
7 жыл бұрын 5877

Ассаламуғалайкум. Бір адамга белгілі бір мөлшерде еш қандай пайызсыз қарызга ақша берсем. Бірақ қарызды қайтару уақытын белгілесем. Сол уақытты белгілеу - пайыз болып санала ма? "Ағылшын тыңшысының мойындаулары" атты кітапта: "Ханафи мәзхабында қарыздың уақытын белгілеу, пайыз" деп айтқан екен. Осы меселе қалай болады?  Есімбек. 

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһ уә бәракәтуһ! 

Бұл мәселеде Ханафи мәзхабында екі түрлі тұжырым бар деуге болады. Ардақты ғалымдарымыздың көпшілігінің пікірінше: «қарыз берер кезде, қайтару уақытын белгілеу – дұрыс емес. Себебі, бұл - түбінде «несие пайызын» тудырады. Сондықтан да, ондай талап негізсіз деп танылған[1].  

Екінші тұжырым бойынша, уақыт белгілеуге болады, алайда, қарыз беруші бастапқыда айтылған уақытты күтуге міндетті емес. Кез-келген уақытта берген қарызын талап етуіне құқылы[2].

Бұл айтылғандар - ақшалай берілген қарызға қатысты. Ал, әлдебір тауарды қарызға сатқан болса, алған тауардың құнын төлеу уақытын белгілеуге рұқсат. Және екі жас үйленер кезде келісілген неке сыйын беруді кейінге қалдырған жағдайда, оның уақытын да белгілеуге болады т.б.

Жоғарыдағы қос тұжырымға қосымша, Мәлики мәзхабындағы үкімді де айтпай кетуге болмас. Мәлики мәзхабында, қарызды қайтару уақытын белгілеуге рұқсат. Уақыт белгіленгеннен соң, келісілген уақыттан бұрын қарыз беруші қарызды талап ете алмайды. Қарыздар адам да уақыты келмей алған қарызын төлемеуге құқылы[3].


[1] Әл-Биная Шархуль Хидая – 8/258 бет.
[2] Ибн Ғабидин: Хашия – 15/188-192 бет.
[3] Мәусуғатуль Фиқһия: 33/129 бет; Фәтуә аля мәзхәбиль Имам Мәлик. 

Абдусамат Қасым