Банкте жұмыс істеуге бола ма?
Банкте жұмыс істеуге бола ма?
6 жыл бұрын 15016

Банкте жұмыс жасаудың үкімі қандай? Тапқан табысым адал болып санала ма?

Құрметті сауал қоюшы, мұсылман адамға банкте жұмыс істеуге бола ма - дегенге байланысты қазіргі таңдағы ғалымдар тарапынан айтылған үкімдерді қысқаша үшке бөліп қарастыруға болады:

Біріншісі - банк өсімқорлықпен айналысатындықтан ондай жерде жұмыс істеу күнә. Өйткені, өсімқорлық Ислам дінінде харам әрекет. Ол жерде жұмыс істеген кісі харам іске ортақтасқан болады[1]. Құран Кәрімде: «Дұшпандық пен күнә істерде бір-бірлеріңе жәрдемдеспеңдер» деген. Оның үстіне сахих хадистерде өсімге жәрдем еткендердің де күнәға бататындықтары ашық айтылған.

Екінші топ ғалымдардың тұжырымына қарағанда, зәру жағдайларда банкте жұмыс істеуге болады. Бірақ өзге жұмыс табылып тұрса, банкте істеу - күнә. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Алайда кім шарасыз қалса, шектен шықпай, қажетінше (қолдануында) күнә жоқ. Шынында Алла аса жарылқаушы, ерекше мейірімді»[2] - деген.

Үшінші топтағылардың пікірінше, банктің несие рәсімдейтін бөліміне тікелей қатысы жоқ жерлерінде жұмыс атқаруға болады. Ал, несие рәсімдеуге тікелей қатысы бар бөлімдерде жұмыс істеуге болмайды[3]. Себебі, сахаба Жәбірден (р.а.) жеткен сахих хадисте ардақты сахаба былай дейді: «Алла елшісі өсім жеушіні де, жегізушіні де және (арадағы келісімді) жазушыны да, оған күәлік етушіні де лағынеттеді. Және олардың бәрі тең дәрежеде (күнәлі) екендігін айтты»[4] .   

Қорытындылай келе, күнә-сауапты түсінетін діндар мұсылман кісінің ең алдымен өзге салада жұмыс қарастырып көргені дұрыс. Егер, жұмыс табылмай, нәпақадан тарығып қиналып жатса, банкке жұмысқа тұруына рұқсат, онда да тікелей несие рәсімдейтін бөліміне емес, несиеге қатысы жоқ жерлерін таңдағаны жөн. Сондай-ақ, ол жерде табанды қалуды ұйғармастан, мүмкіндігінше өзге жерлерден жұмыс қарастыра жүргені тақуалық тұрғысынан абзал болмақ. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Кім Алладан қорқып тақуалық қылса, Алла оған шығар жол жаратып, күтпеген жерден оны ризықтандырып қояды», - деген[5].

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Уаһбату аз-Зухайли: Фәтәуә Муъасыйра. Дамаск. 146 бет.
[2] Бақара сүресі, 173 аят.
[3] Даруль Ифтә әл-Урдуния. 2010; Америка шариғат құқықшыларының кеңесі. 2007 ж. 
[4] Сахих Муслим: Китабул Мусәқат - №1598 хадис.
[5] Талақ сүресі, 2, 3 аят.

Абдусамат Қасым