Әйелдерге арналған жеңі қысқа, ашық көйлектерді сатуыма бола ма?
Әйелдерге арналған жеңі қысқа, ашық көйлектерді сатуыма бола ма?
4 жыл бұрын 4408

Сәлеметсіздер ме! Мен әпкемнің дүкенінде сатушы болып жұмыс атқарамын. Дүкенде әйелдерге арналған және ерлерге арналған киімдер сатылады. Бірақ, әйелдерге арналған киімдердің көпшілігі қысқа жеңді, қысқа етекті киімдер. Сондай дүкенде сатушы болып жұмыс істеуім қаншалықты дұрыс?

Сәлеметсіз бе!

Әйелдерге арналған ашық-шашық киімдерді сатудың күнәсі жоқ десек қателеспеспіз. Өйткені, ондай киімдерді кім қандай мақсатта киетінін сатушы білмейді. Мүмкін үйінде киетін шығар? Мәселен, дінімізде әйел адам сыртта хижаб киіп жүргенімен, үйіне келгенде еркін киіммен жүруіне құқылы. Сондықтан да, ондай еркін киімдерді сатуды мүлдем харамға шығару жөнсіз болар. Бірақ, егер ол киімді сатып алушының көшеде киетіндігі нақты білініп тұрса, сатуға болмайды дейді қазіргі кейбір дін мамандары.

Фиқһ кітаптарымызда осы мәселеге ұқсас мынадай үкім баян етілген:

«Қоғамда бүлік белең алып тұрған уақытта, біле тұра бүлік иелеріне қару сатуға болмайды. Себебі, қару арқылы адам тікелей қылмысқа бара алады. Ал, алушының бүлік иесі екенін білмесе, онда оған сатудың күнәсі жоқ, өйткені, ол (белгісіз адам) оны бүлік шығару үшін қолданбауы мүмкін. Сондықтан да, нақты білінбегендіктен, оған қару сатудың мәкруһтігі жоқ (немесе "сатуға тыйым салынбайды"– ауд.)[1].  

Дегенмен, мына бір сахих хадисті мәлімет ретінде беріп өткіміз келіп отыр. Бұл хадис мәселеге басқа қырынан қарауға септігін тигізеді. Имам Бұхаридің «Сахих Бұхари» атты хадистер жинағындағы «Ер адамдар мен әйел адамдарға кию мәкруһ болып табылатын киімдерді сату тарауы» атты бабында мынадай риуаят келтіріледі:

«Омарға (радияллаһу анһу) Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) таза жібек матадан тігілген киіс (немесе жібек мата араласып тігілген киім) беріп жібереді. Артынан Омардың киіп жүргенін көрген Алла елшісі оған: «Мен оны саған кисін деп беріп жібермедім. Шынында бұл киімді бұзылған адамдар киеді (немесе ақыреттен үміті жоқ адамдар киеді). Мен оны сен одан пайдалансын деп беріп жібердім», - дейді[2].

Осы хадистің басқа бір нұсқасында «мен оны саған "сатсын" деп немесе "басқа біреуге кигізсін" деп беріп жібергенмін», - делінген. Тағы бір нұсқасында «сатып, қажетіңді көрерсің деп беріп жібердім» делінеді[3]. 

Осыдан келіп кейбір хадисші ғұламалар: «Бұл хадис - ерлердің кию мәкруһ болатын киімдерді сатудың рұқсат екендігін ашық көрсетуде. Ал, әйелдердің кию мәкруһ болатын (құп көрілмеген) киімдерді сату осыған қиясталады (яғни, оларды да сатуға болады)», - деген пікір білдірген[4]. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] «Әл-Биная шархуль Хидая», 12/220 бет.
[2] Имам Бұхари: «Сахих Бұхари» - Бәбут Тижәрати фимә юкрәһу лүбсуһу лир рижәли уән нисә-и»».
[3] Ибн Хажар әл-Асқалани: «Фәтхуль Бәри». №5527 хадис түсіндірмесі. تَبِيعَهَا وَتُصِيبَ بِهَا حَاجَتَكَ/ (Кей мәліметте Әзіреті Омар ол киісті өзінің әлі мұсылмандыққа өтпеген мүшрік туысына бергендігі айтылады).
[4] Имам Асқалани: «Фәтхуль Бәри». 40-ші баб. №2104 хадис түсіндірмесі.

Абдусамат Қасым