0,5 литрлік сусынның 30 қақпағын тапсырып, ұтыс ойынға қатысуға бола ма?
0,5 литрлік сусынның 30 қақпағын тапсырып, ұтыс ойынға қатысуға бола ма?
8 жыл бұрын 4709

Әссәләмуғалейкум! Рамазан айы құтты болсын! 0,5 литрлік «акуазар» судың 30 (отыз) қақпағын тапсырып, ұтыс ойынға (розыгрыш) қатысуға бола ма? Медет.   

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Алла Тағала ұстаған оразамызды қабыл етсін.

Өзіңіз айтпақшы, әлдебір адал сусынның қақпағын жинап, сол қақпақтағы реттік сан бойынша (немесе қақпақтағы сурет т.б.) ұтыс ойынға қатысу - құмар ойынға жатпайды.

«Құмар» дегеніміз, қарапайым тілмен айтқанда - ықтималдыққа сүйеніп, ұтарын не ұтпасын білмей ақша тігу[1]. Ал, бұл жерде ақша тігіліп, немесе лоторея сатылып отырған жоқ. Бар болғаны бұрын сатып алынған сусынның қақпағын жинап, соны өткізу арқылы бағын сынап көру ғана. Қақпақ ойнату арқылы не сіз зиян шекпейсіз, не ұйымдастырушы тарап сіздің есебіңізден пайда көріп отырған жоқ. Тек, клиенттерді қызықтыру мақсатында ұйымдастырылған шара. Сол себепті, оның ағаттығы жоқ деген ойдамын.

Осы тұрғыда мына нәрсені де біле жүрген артық етпейді. Кейбір дүкендерде тұтынушыларды тарту үшін кей тауарларда ұтыс купондары орын алуы мүмкін. Ондай тауарды сатып алуға рұқсат деуіміз үшін купоны бардың бағасы, дәл сондай бірақ, купоны жоғының бағасымен тең болуы шарт дейді дін мамандары. Біріншісі (купоны бары) екіншісінен қымбаттау болған жағдайда оны сатып алу "құмарды" тудыратындықтан, шариғатқа қайшы.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әл-Маусуғатуль Фиқһия, «мәйсир» - 39/404 бет; Абдуннасыр Али, әл-Майсир – 4.

Абдусамат Қасым