Үшір зекетін беретін кезде шығындар шегеріле ме?
Үшір зекетін беретін кезде шығындар шегеріле ме?
6 жыл бұрын 4215

Ассаламу алейкум! 1. Егін өнімдерінің зекетін есептерде жұмысшылардың еңбек ақысы, тракторға, комбайнға берілетін ақы зекеттен шегеріле ме? 2. Шығын деп нені түсінеміз? Бағлан.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханафи мәзхабы бойынша, үшір зекетін беретін кезде жер өнімдеріне жұмсалған шығындар зекеттен шегерілмейді. Бұған қатысты Ханафи ғалымы Имам Зайлағи (р.а.) Имам Нәсафидің (р.а.) кітабындағы «(وَلَا تُرْفَعُ الْمُؤَنُ) шығындар шегерілмейді» деген сөзді тарқата келе былай деп өтеді:

«Яғни, жердің шығарған барлық өнімдерінде - жұмысшылардың еңбек ақысы, жер жыртатын ірі қара малдың ішім-жемі, өзен суларынан арық тарту шығыны, қарауылдың ақысы т.б. шығындар есепке алынбайды...»[1].

Деректерге қарағанда қалған үш мәзхаб ғалымдарынша да үкім осылай.

Осы тұрғыда, Халықаралық Ислам Фиқһ Ұйымының аталмыш мәселеге қатысты алған қарары төмендегідей:  

  1. Ауылшаруашылық өнімдерін суғару барысында жұмсалған шығындар зекеттен шегерілмейді. Өйткені, шариғатта үшір зекетінің мөлшері белгіленген кезде бұл шығын онсыз да ескерілген[2].  
  2. Топырақ өндеуге, каналдарды қазуға, топырақ тасуға жұмсалған шығындар да зекеттен шегерілмейді.
  3. Тұқым сатып алу, тыңайтқыштар мен ауыл шаруашылық дақылдарының зиянкестері мен ауру таратушыларды жоятын дәрі-дәрмектерді сатып алуға және сол маусымда туындаған ауылшаруашылық зардаптарға жұмсалған шығындар, егер зекет беруші оларды өз дүниесінен жұмсаған болса, зекеттен шегерілмейді. Ал, егер аталмыш шығындарды қарызданып-қауғаланып өтеуге мәжбүр болса, онда зекеттен шегеріледі. Бұл – Абдулла ибн Омар, Абдулла ибн Аббас сынды кейбір сахабалардан жеткен дерекке негізделген. Ол дерек бойынша, диқаншы шыққан өнімнен қарызын шығарып, қалғанынан зекет береді.
  4.  Ауылшаруашылығы өнімдерінен бөлінген зекетті зекет алушыларға жеткізу барысында жұмсалған шығындар зекеттен шегеріледі[3].   

Қорытындылай келе, үшір зекетін беруші кісі хадисте айтылғандай, өнімді өзен суы, сай сулары немесе жаңбыр суы суғарған болса, жалпы өнімнің онда бірін (10 пайыз) зекет ретінде береді. Ал, егістіктегі өнім арнайы су таситын ыдыстармен су тасып, еңбек жұмсалып суғарылған болса, жиырмада бірі (5 пайыз) беріледі. Одан бөлек, жұмсалған шығындардың ешқайсысы есепке алынбайды. Бірақ, кей тұжырымдама бойынша, қарызданып жұмсаған шығындарын үшір зекетінен шегеруіне құқылы.    

P.S.: Жер өнімдерінен алынатын зекет түрін «үшір» дейміз. Үшір – арабшадағы онда бір (1/10) дегенді білдіретін «ъушр» сөзінің қазақша нұсқасы. Жерден өсіп шыққан өнімнің онда бірі (кей жағдайлар да жиырмада бірі 1/20) зекет ретінде берілетіндіктен аталмыш зекет түрі солай аталған. Үшір зекеті Құран мен хадиске сүйенеді. Құранда: «Ей, мүміндер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден шығарған нәрселеріміздің жақсыларын тиісті орынға жұмсаңдар...»[4], – делінген.

Үшір – аз болсын, көп болсын, жер өнімдерінің барлық түрінен беріледі (ең төменгі мөлшері бір «саъ», шамамен 2,5 кг.). Мысалы, күріш, бидай, арпа, қауын-қарбыз, қызанақ, қияр т.б. Және жылына қанша өнім алынса, сонша үшірі де берілуі керек.


[1] Имам Зайлағи: Тәбиинуль Хақаиқ. Зәкәт.
[2] Яғни, Алла Елшісі хадисінде былай дейді: «Жауын немесе өзен суларымен суғарылған жер өнімдерінің үшірі 1/10, ал қолмен сұғарылғанның үшірі  1/20».
[3] Халықаралық Ислам Фиқһ Ұйымы. 120 қарар (2/13). Кувейт. Хижри 1422/ Миләди 2001 ж.
[4] Бақара сүресі, 267 аят.

Абдусамат Қасым