Қойдан зекет берерде қозыларын да есептей ме?
Қойдан зекет берерде қозыларын да есептей ме?
5 жыл бұрын 3863

Мал төлдеп, көбейгенде, оның зекетін берерде төлімен қосып есептеп шығара ма, әлде бастапқы мал саны негізге алына ма?

Имам Ағзам Әбу Ханифа мен Имам Мұхаммед бойынша (рахимаһумаллаһ) бір жасқа толмаған қозы, лақтардың зекеті берілмейді. Алайда араларында бір жасқа толған үлкені болса, бәрі соның үкіміне кіріп, нисабқа жеткен жетіп тұрса,  зекеті беріледі. Мысалы, жылдың басынан соңына шейін «са’има» үкіміндегі елу қойы мен жетпіс қозысы бар мұсылман, жыл соңында оларды 125 қой ретінде есептеп, екі қой зекет ретінде мұқтаж жанға беруі тиіс. (Бір жасар қой беріледі, қозы берілмейді).

(Са’има - сүт алу үшін, төлдеп көбеюлері үшін немесе жілігіне май бітсін деген мақсатта жылдың көп уақытын қырда бағылған мал).

Бұзау да солай. Мысалы, 30 бұзаудан зекет берілмейді. Бірақ, араларында бір үлкен сиыр болса (яғни, 29 бұзау, 1 сиыр) бәрін сиыр үкімінде санап, екі жасқа аяқ басқан бір тананы зекет ретінде беруі керек.

Бес ботасы бар адам зекет бермейді. Бірақ, арасында бір үлкен түйе болса, мысалы төрт ботасы мен бір түйесі болса, одан бір қой зекет беруі керек болады.

Қорыта айтқанда, мұсылманның қойлары нисаб мөлшеріне жетпей тұрса, қозыларын да қосып есептейді, бәрі нисаб мөлшеріне жеткен жағдайда, арадан бір жыл өтісімен, зекетін береді. Мысалы, 119 қой мен 2 қозысы бар мұсылман, екеуін қосып 121 деп санап, бір жыл өтісімен екі қой зекет ретінде беруі керек.  

Нисаб мөлшері дегеніміз: мал-дүниесінен зекет беруі парыз болуы үшін керекті мөлшер. Қой мен ешкінің ең аз нисаб мөлшері – 40. Қырықтан аз мөлшердегі қой мен ешкіден зекет берілмейді. 

Абдусамат Қасым