Кімдерге зекет ақшасын беруге болмайды? (Зекет берілмейтін орындар)
Кімдерге зекет ақшасын беруге болмайды? (Зекет берілмейтін орындар)
4 күн бұрын 1163

Ассаләмуғалейкум! Кімдерге зекет ақшасын алуларына болмайды? Қандай орындарға? 

Бисмилләһир рахманир рахим, Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Зекет - өзіне тән ерекшелігі бар және жеке бастың өмірімен қоса, қоғамдық өмірде көздеген белгілі мақсаттары бар құлшылық түрі. Кез-келген адам зекеттің ақшасынан ала алмайды. Ол үшін белгілі критерийлерге сай болмағы ләзім. Билік өкілі де зекет ақшасын қалауынша және қалаған орынға сарп етуіне қақысы жоқ.

Осы мақсатта фиқһ ғалымдарымыз хадис, аяттарды зерделей отырып, зекет ақшасын алуға болмайтын орындарды тізіп көрсеткен. Осы тізімдегілерге зекет ақшасы өткен болса, ол зекетті қайта беру керек.

Зекет ақшасын беруге болмайтын орындар келесідегідей:

1) Бай-бағландар. Қалталы байларға зекет ақшасын алулары харам.

2) Жұмыс істеп, нәпақасын таба алатын күшті, қуатты, он екі мүшесі сау мұсылман, оны хадисте «зу миррәтин сәууиин» деп атайды. Алайда кіретін жұмыс табылмай, тарығып жатса, ол басқа. Бірақ, Ханафи мәзхабында мұсылманның «кедей санатында» болуы зекет ақшасын алуына жеткілікті критерий болып саналады. Өйткені, көп жағдайда күшті, қуатты болса да «кедей» саналатын және тапқан табысы отбасына жетпей жататын азаматтар көп кездеседі. Сондықтан да, бұл пункті «күшті, қуатты болуымен қатар, отбасысы тарылмайтындай табысы да бар мұсылманға зекет ақшасын алуға болмайды» деп айтқан дұрысырақ болар.

3) Атеистер. Құдайды, дінді мойындамайтындар.

4) Исламға дұшпандығы бар кәпірлер.

5) Өзге дін өкілдері (бұл көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша, өзге дін өкілдеріне зекет пен пітір садақасы берілмейді, одан өзге нәпіл садақаны берсе болады).

6) Мұхаммед пайғамбардың тегінен тарайтындарға. Олар - Һәшим ұлдары (немесе кей мәзхаб ғалымдары Һәшим ұлдарына Мұтталиб ұлдарын да қосқан). Һәшим ұлдарына жататындар садақа мен зекет ақшасын ала алмайды. Алайда, Имам Мұхаммед бұл тыйымды Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) заманымен шектейді, өйткені ол заманда Һәшим ұлдары соғыс олжасының бесте бірін алатын, бірақ кейінгі ғасырларда қазынадан ақша берілу тоқтатылғандықтан, зекет пен садақа алулары рұқсат етілді. Имам Ағзам Әбу Ханифадан да Пайғамбардың ұрпағынан болғандарға зекет пен садақаны ала берулеріне болады деген пәтуа жеткен.

7) Ата-анасына (бірақ садақа берсе болады).

8) Ата-әжесіне.

9) Туған балаларына.

10) Туған немерелеріне.

11) Әйеліне.

12) Әйелі күйеуіне (кей ғалымдарымыз әйелі кедей күйеуіне зекет ақшасын бере алады дейді). (фиқһуз зәкәт).

Бұған қосымша: 

Мешіт, медресе құрылысына, көпір, жол құрылысына т.б. әлеуметтік нысаналарға пайдалануға зекет ақшасын қолданбайды, өйткені, зекеттің басты шарты - зекет ақшасын (немесе малды) мұқтаж мұсылманның қолына тапсыру. Құрылысқа жұмсау ісінде мұқтаж адамның меншігіне тапсыру шарты жүзеге аспайды. Сол себепті мұндай жерлерге жұмсалмайды. Сондай-ақ, құл азат етуге, қажылыққа жіберуге, қайтыс болған адамның қарызын өтеп, кебінің алуға жұмсалмайды. (мәбсут).

 Абдусамат Қасым