Келіншегімнің әшекей бұйымдарынан зекет беріле ме?
Келіншегімнің әшекей бұйымдарынан зекет беріле ме?
6 жыл бұрын 4245

Ас-саламу алейкум! Келіншегімнің әшекей бұйымдары (сырға,сақина) нисап мөлшеріне жата ма?
Рахмет АЛЛА разы болсын! Нұрберген.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Ханафи мәзхабы бойынша, әйел кісілердің алтын және күмістен жасалған әшекей бұйымдары «нисаб мөлшеріне» жетіп тұрса, яғни, алтындары ең аз 85 граммға, ал күмістері 595 граммға тең келсе және арадан бір жыл өткен болса, оның 2,5 % пайызы зекет ретінде мұқтаж жанға берілуі керек. (85 / 2,5%= 2,125 грамм)[1].  

Алтын не күмістен өзге әшекей бұйымдарынының зекеті жоқ. Мысалы, инжу-маржан, алмаз, замартас, гауһар т.б[2]. Алайда, аталмыш әшекей бұйымдардың құны 85 грамм алтынға жетіп тұрса, пітір садақасын беру әрі құрбан айтта құрбан шалу уәжіп болмақ.

Сондай-ақ, алтын не күмістің сынамасы (проба) 500 ден төмен болған әшекейлерде (417, 370, 333 т.б) басқа метал басым болғандықтан: олар сауда-саттық ниетімен алынған жағдайда, сауда тауары ретінде құны есептелінеді. Ал ондай ниетте емес, жай тағу үшін алынған болса, онда әшекей алтын болса, алтынның мөлшері, күміс болса, күмістің мөлшері нисабқа жетіп тұрса, зекеті беріледі. Нисабқа жетпесе, зекеті берілмейді[3].

Осы орайда айта кету керек, келіншегінің әшекей бұйымдарын күйеуі өзінің зекетіне қосып есептемейді. Келіншегі өзінің әшекей бұйымдарының зекетін өзі бөлек есептеп береді.


[1] Қалған үш мәзхабта әйелдің қолданысындағы әшекей бұйымдарынан зекет алынбайды.
[2] Ибн Нүжәйм: әл-Бахрур Раиқ – 1/394 бет. 
[3] «әл-Мәсуъатуль Фиқһия әл-Күвайтия» - 23 том. 265 бет.

Абдусамат Қасым