Әссәләмуғалейкум! Жылқыдан зекет қалай береді? Алла разы болсын! Нұрмұхаммед.
Жылқының зекеті қалай есептеледі?
|
Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а) бойынша, жылдың көбін өніп-өсулері үшін қырда өткізетін (сәә'има), еркек-ұрғашысы аралас жылқылардан зекет беріледі. Қаласа әр жылқыға бір динардан (динар шамамен 3-3,5 грамм алтын), қаласа ортақ құнын есептеп, одан 2,5% береді (1/40 немесе әр екі жүз дирхамнан бес дирхам).[1]. (Арасында ұрғашысы жоқ тек еркек жылқылар үшін зекет берілмейді)
Жылқыдан зекет беріледі деуінің себебі, Құран Кәрімде: «Олардың малдарынан зекет ал», - деген аят бар. Мұндағы бұйрық жалпылама айтылғандықтан, жылқыны да қамтып тұр. Оның үстіне, бір «әлсіз хадисте» былай делінген: «Әр сәә’има жылқыдан бір алтын динар немесе он күміс дирхам зекет беріледі. Байлаулы жылқының (сәә’има емес) зекеті жоқ»[2]..
Алайда, Әбу Ханифаның қос шәкірті Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед (р.а.) «жылқының зекеті жоқ» деп есептеген[3]. Өйткені, сахаба Әбу Һурайрадан риуаят етілген сахих хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Мұсылман адамның құлынан және жылқысынан зекет берілмейді»[4].
Әйткенмен, Ханафи мәзхабында осыған қатысты пәтуа - көбіне Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің тұжырымы негізінде беріледі[5].
Саудалау үшін бағылған жылқылардың зекеті, сауда тауары ретінде есептеледі.
[1] Ихтияр – 1/141
[2] Дәруқутни. Әлсіз хадис.
[3] Сахих Бухари - №1464; Сахих Мүслім - №982. ;
[4] Любәб – 1/141
[5]Фәтәуәл Һиндия – 1/196.