Жиналған ақша «нисаб мөлшеріне» жетпесе де зекет беруге бола ма?
Жиналған ақша «нисаб мөлшеріне» жетпесе де зекет беруге бола ма?
7 жыл бұрын 6278

Әссәләмуғалейкум! Моншадан түскен бір жылдық пайда «нисапқа» жетпесе де зекет беруге бола ма? Н.

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Зекет парыз болуы үшін белгілі шарттары бар. Сол шарттардың бірі – өзінің күнделікті қажеттіліктерінен артылған байлығы «нисаб мөлшеріне» жеткен болуы ләзім. Нисаб мөлшеріне жетпеген байлықтан зекет берілмейді. Берген жағдайда онысы зекет емес, садақа ретінде есептеледі[1]. Ол байлығына байлық қосылып, «нисаб мөлшеріне» жетіп жатса, сол мезеттен бастап есептегенде, бір жыл өтісімен қайта есептеп, 1/40-ін, яғни, 2,5% зекет ретінде береді.

Ендеше, моншадан түскен бір жылдық табысыңыз «нисаб мөлшеріне» жетпегендіктен, зекет бермейсіз. 

«Нисаб мөлшері» деген не?

«Нисаб мөлшері» деп, зекет парыз болатындай белгілі байлық мөлшерін айтамыз. Алтынның нисаб мөлшері - 85 грамм. Күмістің нисаб мөлшері – 595 грамм. Ақша немесе сауда тауарларының нисаб мөлшерін анықтайтын кезде, алтын немесе күмістің нисабы негізге алынады. Дәлірек айтқанда, күнделікті негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс жинаған ақшаның мөлшері ең кемі 85 грамм алтынға тең келетін сомаға жетіп,  бір жыл өтісімен (мөлшері азаймаса) зекетін есептеп беру керек.


[1] Фәтәуаль Һиндия – 1/189 бет. 

Абдусамат Қасым