Гүл өнімінен үшір зекеті беріле ме?
Гүл өнімінен үшір зекеті беріле ме?
5 сағаттан соң 49

Сәлеметсіздер ме! Гүл өсіріп сататындар гүлдің зекетін берулері керек пе? Сания.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы!

Имам Ағзам Әбу Ханифаның ережесіне сай айтсақ: бір мұсылман өсірген гүлдері үшін де үшір зекетін беруі керек. (Үшір зекеті – жер өнімдерінен берілетін зекет түрі). Өйткені, Әбу Ханифа (радияллаһу анһ) өнім алу үшін егілген барлық жер өнімдерінен зекет беріледі деген. Гүлді де пайда табу үшін өсіретіндіктен, ғалымның ережесіне сай айтқанда: гүлдің үшір зекеті берілу керек десек қателеспеспіз. Олай болған жағдайда, гүл өсіріп сататын мұсылмандар: қолдан суғарып, арнайы өсіріп еңбек жұмсалған жағдайда әр өнімнің 5 пайызын үшір зекет ретінде береді. Бес пайыз үшірін ақшаға шағып, ақшалай берсе де болады (ақшалай берген мұқтаж жанға тиімдірек). Жұмсалған шығындарды қарызданып алған болса, қарызын әр өнімнен шегеріп, одан кейінгісінен үшір беріледі.

Имам Сарахси (рахимаһуллаһ) былай деген:

«Әбу Ханифаның негізгі қағидасы бойынша, бақшада өсірілетін және жерді игеру мақсатында егілген барлық өнімнен үшір зекеті алынады. Бұл тұрғыда дәнді дақылдар, бұршақ тұқымдастар, жаңа піскен жемістер (көкөністер), хош иісті өсімдіктер (гүлдер), уасмат (бояғыш өсімдік), зағыпыран, раушан гүлі және уарс (тағы бір бояғыш өсімдік) – бәрі бірдей. Бұл - Ибн Аббастың сөзі және хадисте де айтылған...»1.

Имам Ағзамның қос шәкірті не дейді?

Ал Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммедтің ережесіне сай айтқанда: гүлдер үшін «үшір зекеті» берілмейді. Өйткені, қос ғұламаның пайымынша үшір зекеті ұзақ уақыт сақталатын жер өнімдерінен ғана беріледі, мысалы, бидай, арпа, мақта т.б2.

(Алайда, осы тұрғыда, гүл өнімі үшір зекетке жатпайды десек те, «сауда тауары» ретінде есептеледі дейтін ғалымдар бар, бұл дегеніміз, гүл өнімінің барлық құны 85 грамм алтынға тең болса және арадан бір жыл өтсе, жалпы құнынан 2,5% пайызын зекет ретінде беруі тиіс деген сөз).

Демек, гүл өсіріп сататын мұсылман кісілер, бұны жер өнімі ретінде қарап, әр шыққан өнімнің «үшір зекетін» беріп отырса да болады немесе сауда тауары ретінде қарап, дүкендегі жалпы гүлдің құнынан зекетін беріп отырса да болады деген ойдамыз. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхәмдулилләһи Раббиль аләмин!

1Имам Сарахси: «әл-Мәбсут». Үшір зекеті.
2Имам Юсуф әл-Қардауи: «Фиқһуз зәкәт». 1/354 бет.

Абдусамат Қасым