Еккен жоңышқамнан үшір зекетін беруім керек пе?
Еккен жоңышқамнан үшір зекетін беруім керек пе?
11 ай бұрын 2011

Ассаламуғалейкум! Менің зекет және ұшыр жайында сұрағым бар еді. Мен мал азығына жоңышқа егемін, және ұрығын өндіремін. Егістік жерде жаңбыр суымен өседі. Кәсіп ретінде айналысамын. Табысым зекет беруге жетеді. Сұрақ мен зекетті ұрық сатқанда пайданың 2,5 % берсем бола ма? Кейбір имамдар ұшыр бересің 10% дейді. Кейбір имамдар ұшыр тек адам азығынан яғни бидай арпа құрмадан беріледі деп түсіндірді. Қалай есептегенім дұрыс? Серік.

Әлхамдулилләһ. Уәссаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Егістікке еңбегін салып, өнім алу мақсатында өсірген жер өнімдерінен «үшір зекеті» берілу керек. Сондықтан да, Имам Ағзам Әбу Ханифаның ереже-қағидаты негізінде айтқанда1, арнайы өнім үшін өсірілген жоңышқа шөбінен де үшір зекеті берілу керек, аз болсын, мейлі көп болсын. Егер өнім қол еңбегімен, су тасып суғарылса өнімнің 5 пайызы (жиырмада бірі), ал жаңбыр, өзен суларымен суғарылған болса, өнімнің 10 пайызы (онда бірі) үшірге беріледі.

Сіздің жағдайда жоңышқа шөбіңіз жаңбыр суымен суғарылғандықтан, орып алынған жоңышқаның 10 пайызы үшірге беріледі. Шыққан өнімнің өзін емес, оның онда бірінің (1/10) құнын да берсе болады. Сондықтан да, өнімнің нарықтағы құнын есептеп, оның онда бірінің (10 пайызының) құнын ақшалай бергеніңіз абзалырақ болады. Өйткені тұрмысы нашар кедейге шөптен гөрі ақшалай берген тиімді.

Үшір зекетінде жұмсалған шығындар мен қарыздар шегерілмейді. Әрідесе, жылына бірнеше рет өнім алынған болса, әрбірінің үшірі берілуі тиіс. Аллаһу аъләм. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1Имам Ағзамның қос шәкірті болса "үшір зекеті тек бір жыл сақталуға жарамды дақылдардан беріледі" деген, өзгесінен берілмейді. Кей имамдардың сізге "үшір бермейсіз" деуінің төркіні сонда жатыр.

Абдусамат Қасым