Балықтың зекеті беріле ме?
Балықтың зекеті беріле ме?
5 жыл бұрын 4038

Балық аулап сатумен айналысатын адам, зекетін қалай береді? Балықтан тапқан табыстан ба, әлде балықтың құнынан ба?

Құрметті сауал жолдаушы, балықтың зекеті беріле ме? - деген мәселе төңірегінде фиқһ ғұламалары екі түрлі тұжырым білдірген:

1. Бірінші топтағы ғұламалардың тұжырымы бойынша, ауланған балықтың құны егер «нисаб мөлшеріне» жетіп тұрса, оның зекеті берілуі керек.

Деректерде, табиғин ғұлама, бесінші «Рашид Халифа» Омар ибн Абдульазиз «Аммандағы» зекет жинаушы қызметкеріне: «Балықтардан (құны) екі жүз дирһамға жеткенше ештеме алма. Егер, балықтардың (құны) 200 дирһамға жетіп тұрса, одан зекет ал», - деп жазып жіберген екен[1].

Осыған қарағанда, арнайы балық саудасымен айналысатын адамдардың аулаған балықтары немесе үлкен сауда орталықтарындағы балықтар – сауда тауары үкімінде болып, құны ең кемі 85 грамм алтынға тең келіп тұрса, 1/40-і зекет ретінде берілуі керек[2].  

2. Екінші топ ғұламалардың тоқтамы бойынша, балықтың өзінен зекет берілмейді. Өйткені, не хадистерде, не болмаса сахаба сөздерінде балықтан зекет берілетіндігі жөнінде сахих дерек жетпеген. Оның үстіне балық – ауланады. Ауланған нәрсенің зекеті жоқ. Бұл – Төрт мәзхаб ғұламаларының тоқтамы (Ханафи, Мәлики, Шафиғи және  Ханбали)[3].

Бірақ, ауланған балықтан түскен ақшасы ең аз 85 грамм алтынға жетіп тұрса және арадан бір жыл өтсе, ол ақшадан 2,5 пайыз зекет беріледі (немесе ақшасы өзге ақшаларына қосып зекет есептелінеді).

3. Аталмыш тұжырымдарға қосымша үшінші бір тұжырымды да бере кетелік. Соңғы ғасырларда өмір сүрген дін ғалымдарынан Мұхаммед Әбу Заһра, Имам Әбу Юсуфтың інжу, амбра сынды теңізден шығарылатын асыл тастардың 1/5 мөлшерін (20 %) зекет ретінде беру керек деген уәжін негізге алып, теңіз өнімдерінен де 20%-ын зекет ретінде беру керек деген байламға келген[4]

Қорыта айтқанда, көпшілік ғұламалардың тұжырымынша балықтың өзінен зекет берілмейді. Бірақ, одан түскен табыстан (егер негізгі қажеттілігінен артып, 85 грамм алтынға жетіп тұрса) зекет берілу керек. 


[1] «әл-Әмуал».
[2] Доктор Юсуф Қардауи: «Фиқһуз Зәкәт» - 1 том. 459 бет; Хамди Дөндірен: «Делиллери-иле Ислам Илмихалы» - Зекет; 
[3] Доктор Абдуррахман ибн Ахмад: «Әхкәмуль Бахр филь Фиқһиль Исләми» - 199-201 беттер.
[4]Vecdi Akyuz: "Zekat" - 452 s. Istanbul-Turkiye, 2006 s.

Абдусамат Қасым