Ақшасы нисап мөлшеріне жетіп тұрғанымен, мойнында кредиті болса, ол адамға зекет беру керек пе?
Ақшасы нисап мөлшеріне жетіп тұрғанымен, мойнында кредиті болса, ол адамға зекет беру керек пе?
7 жыл бұрын 4794

Ассаляму алейкум уа рахматуллухи уа баракатух! Зекет беретін адамның қарызы болмау керек делінген. Егер, адамда кредиті болумен қатар,  нисап мөлшеріндей (595гр күміс) қаражаты болса, зекет беру міндет пе? АЛЛА разы болсын! Мейрамгүл

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Алдымен мынаны айта кетелік: банктерден кредитке ақша алу – күнә. Өйткені, Пайғамбарымыз өсім жеушімен қатар, өсім жегізушіні де жазғырған. Сондықтан да, аса зәру жағдайға үшырап, басқа амал қалмағанда болмаса, жайшылықта кредитке жүгінбеген дұрыс.

Сұрағыңызға келер болсақ, шариғатта зекет негізгі қажеттіліктерден артылған дүниесінен беріледі. Негізгі қажеттілікке мойнындағы берешегі де жатады. Сондықтан,  өтелу керек кредит сомасын жиналған артық ақшаңыздан шегеріп, одан қалған сома ең аз 85 грамм алтыңға жетіп, арадан бір жыл өткен болса, оның 2,5 % пайызы зекет ретінде мұқтаж жанға беріледі. Ал, қарызыңызды шегергеннен кейін, нисап мөлшері кемісе және оны толықтырар сауда тауарларыңыз немесе алтын-күміс әшекей бұйымдарыңыз да болмаса, сізге зекет беру міндет емес.

Алайда мұнда ескеретін маңызды нәрсе бар. Егер кредитті нисап мөлшеріне жетіп тұрған (85 грамм алтыңға тең келер) артық ақша пайда болғаннан кейін алған болсаңыз, онда ол қарыз нисаптан шегерілмей, жиналған артық ақшадан зекет берілуі керек. Ал, кредитті одан бұрын алған болсаңыз, жиналған ақшадан кредит қарызыңызды шегересіз[1].

(*«Нисап» деп, зекет беру міндетін тудыратын белгілі бір байлық мөлшерін айтамыз. Бұл мөлшер (нисап мөлшері) ақша мен сауда тауарларында - 85 грамм алтын немесе 595 грамм күміспен өлшенеді.  Дегенмен, бүгінде алтын құнының тұрақтығын ескере отырып, ғалымдарымыз қолдағы ақшаның нисап мөлшерін есептеу үшін алтынды негізге алу керек деген тоқтамға келген. Сондықтан да, жиналған артық ақша 85 граммға жетпесе, зекет бермеуге рұқсат).


[1] Ибн Ғабидин: Хашия – 5/426 бет: Ибн Ғабидин (р.а.) былай деген: «Бұл (шегеру) -  қарыз зекет парыз болмай тұрып, алынған болса. Зекет парыз болғаннан соң алынған жағдайда, зекет беру міндеті жойылмайды». 

Абдусамат Қасым