Ассалам алейкум уа рахматуллаһи уа баракатух! "Шек шалу" мәселесін толыққанды түсүндіріп жіберсеңіз. "Болады" немесе "болмайды", болмаса "неге болмайды" деген сиякты.
Бауыржан Асқарұлы.
Шек беру дұрыс па?
|
Уағалейкумуссəлəм уə рахматуллаһи уə бəракəтуһ!
Еліміздің кейбір аймақтарында қайтыс болған жақындарына арнап Ораза айты мен Құрбан айттан бұрын мал сойып, туған-туыс немесе ауыл қарияларын асқа шақырады. Бұны бізде «шек беру» дейді. Шекте қайтыс болған кісілердің аты аталып, әруақтарына құран бағышталады.
Өлген кісіге сауап болсын деген мақсатпен мархұмның атынан мал сойып, құрбан шалу шариғатта да бар. Хадис кітаптарында Әзірет Әлидің Пайғамбар атынан да бөлек бір қошқарды құрбанға шалғаны айтылады[1]. Сондықтан шек беріп, сауабын өлген кісіге бағыштау шариғи бұйрық болмағанымен, шариғатқа қайшы емес.
Дегенмен, қазіргі кезде құрбан айттан бір күн бұрын шек беріп, айт күні құрбан шалмайтындар бар. Ал, шариғи тұрғыда қарағанда, бақуатты мұсылман адамға құрбан айт күндері мал сойып, құрбан шалуы міндет. Үкімі – уәжіп. Енді, сойылған мал «уәжіп құрбандық» болып есептелуі үшін Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде (құрбан айт басталған уақыт пен айттың үшінші күнгі ақшам намазы аралығында) шалынуы керек[2]. Одан бір күн бұрын шалынған мал – құрбан айтта шалынуы тиіс құрбандыққа емес, нәпіл құрбандыққа есептеледі. Имам Бухари риуаят еткен хадисте:
«Кімде-кім айт намазынан бұрын құрбан шалған болса, құрбанын қайта шалсын!»[3], – делінген.
Осыған орай, арапада шек беру мақсатында мал сойған кісі тұрмысы төмен болса, Құрбан айт келгенде қайта құрбан шалуының қажеті жоқ. Ал, бақуатты кісі айт күнінде қайта «уәжіп құрбан» шалуы тиіс, оның арапа күні шек беру мақсатында сойған малы нәпіл құрбаны санатына кіреді.
Осы тұрғыда «мархұмға шек берген дұрыс па, әлде құрбан шалған дұрыс па?» деген сауал келіп жатады. Бұған қатысты, Пайғамбарымыздың әрекетін айтқым келеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) Құрбан айт күні айт намазынан кейін екі қошқар соятын. Бірін – иман келтірген мүмін-мұсылмандардың өлі-тірісінің атынан шалса, екіншісін – өзі және отбасының атынан шалатын болған. Біріншісін шаларда:
«Аллаһым, мына құрбандық – сенің бірлігіңе және менің пайғамбарлығыма күәлік еткен барлық үмбетімнің атынан»
- дейтін де, екіншісін шаларда:
«Аллаһым, мына құрбандық – Мұхамметтің атынан және Мұхамметтің отбасының атынан»
- деп, айтатын. Одан соң, ол екі құрбандықтың етінен міскіндерді тамақтандырып, сол еттен өзі де отбасымен бірге жейтін[4].
Осыған орай, шек беруді мархұмның атынан құрбан шалу деп түсінсек, ол әрекетті Құрбан айт күні айт намазынан кейін де жасауға болады. Айт намазы оқылып бола салысымен, Алла ризалығы үшін мархұмның атынан «Бисмиллаһи, Аллаһу әкбар» деп бауыздап, одан кейін жергілікті әдетке сай көрші-қолаңға тамақ беріп, осылайша «шек беру» дәстүрін Құрбан айт күні атқарса да қате емес.
[1] Әбу Дәуід, Дахая – 2790 хадис.
[2] Бадаиғ – 6/285 бет.
[3] Бухари, әл-Адахи – 5241-хадис.
[4] Әл-Хаким әл-Мүстәдрак; Имам Ахмәд: әл-Мүснәд.