"Кредит алып анамды Умраға жібергім келеді, күнә болмай ма?"
"Кредит алып анамды Умраға жібергім келеді, күнә болмай ма?"
3 ай бұрын 2713

Сәлеметсіз бе! Мен анамды кредит алып болса да Умраға жібергім келеді. Басқа жолы болмай тұр. Анам барғысы келеді. Қарызды өзім төлеп құтыламын. Бұл өз ниетім. Анашымның арманын орындағым келеді. Олай жіберсем ешкімге күнә болмай ма?

Бисмилләһир рахманир рахим

Қадірменді сауал жолдаушы, қажылыққа таза ақшамен бару керек. Кредит таза ақша емес, оған өсім араласқан. Дінімізде шамасы келмейтін мұсылман Умраға немесе Үлкен қажылыққа бару міндетінен босатылады. (Умраға бару – сүннет амал). Сондықтан да, ол үшін кредит алып күнә арқалағанша, мүмкіндік болғанға дейін кідірген жөн. Әрине, жағдайыңыз жетіп тұрса барып келгенге не жетсін! Бірақ кредит алып емес.

Мекке - туристік мекен емес. Ол – ғибадат жасап, «күнәм кешірілсін» деп мінәжат ниетімен баратын қасиетті мекен. Оған таза ниетпен және таза табыспен барған жөн. Таза табыспен бармағанның Умрасы және қажылығы қабыл болмауы мүмкін. Бұған қатысты мынадай бір риуаят келтіріледі:

«Егер кісі таза (халал) нәпәқамен қажылыққа аттанса, ол аяғын үзенгіге қойып: «Ләббәйк, Аллам. Ләббәйк» деп дауыстаған сәтінде, көктен бір дауыстаушы (періште): «Саған да, ләббәйк болсын және амандық-саулықта болғын (бір Алла панаң болсын)! Жүгің (напақаң) - халал. Мінісің - халал. Қажылығың - қабыл, күнә араласпаған» - деп дауыстайды. Алайда, кісі харам напақамен шықса, аяғын үзенгіге қойып (жолға аттанып): «Ләббәйк, Аллам» деп дауыстаған сәтінде, көктегі бір дауыстаушы (періште) оған: «Саған ләббәйк та, саъдәйк те болмасын (қош келмедің)! Жүгің – харам. Нәпақаң – харам. Ал қажылығың – қабыл емес» деп дауыстайды»[2] – делінеді хадисте.

Осы хадистен де таза емес, харам араласқан табыспен барған кісінің қажылығы қабыл болмайтындығын ұғынуға болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! Әлхамадулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым